Бүгін Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданында тұрғындарға қолайлы қызмет көрсететін «Сервистік әкімдіктің» ашылу рәсімі өтті.
Ашықтық және қолжетімділік қағидатына негізделген жаңа кеңсенің тұсаукесеріне Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай мен аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков қатысты.
Жергілікті халыққа 8 бөлім бойынша 73 мемлекеттік қызметтерді көрсететін сервистік әкімдіктің мүмкіншілігімен танысқан Мирас Асқарбайұлы бұл кеңсе азаматтарға ыңғайлы жағдай жасауға негізделіп, қысқа уақыт аралығында қажетті қызметті алуға көмектесетінін алға тартты.
Сондай-ақ, тұрғындарға елдімекеннің әр жерінде орналасқан бөлімдерді іздемей-ақ қажетті қызметтерді бір ғимараттың ішінде алуға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Сервистік әкімдіктің тағы бір ерекшелігі – бөлімшелердің «Open space» қағидасы бойынша жасалуында.
Одан бөлек, ғимараттың ішінде халыққа қажетті барлық жағдай жасалған.
Айта кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында азаматтардың барлық өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудағы міндеттер осы заманауи ғимараттың қабырғасында жүзеге асатын болады.