Түркістан облысында Қостанай, СҚО және Павлодар облыстарының жұмыспен қамту саласына жауапты басшылары мен әкімдік өкілдері тұрғындармен кездесу өткізіп жатыр. Мақсат – «Еңбек» бағдарламасын насихаттау және түсіндіру. Осы қадам арқылы Оңтүстіктен Солтүстік өңірлерге қоныс аударушылар санын арттыру көзделген. Аталған делегация өкілдері БАҚ өкілдеріне брифинг өткізіп, көшіп-қонудың шарттарымен таныстырды.
Брифингте Павлодар облысы, Успен ауданы жұмыспен қамту орталығының директоры Салтанат Әлпеисова Павлодар өңіріне Оңтүстіктен 7 мыңдай адам көшіп барғанын, оның еңбекке жарамдылары жұмыспен қамтылғанын атап өтті. Сонымен бірге биыл сәуір айынан бастап көшіп барушы әрбір тұрғынға 204 мың 190 теңге көлемінде субсидия берілетінін жеткізді. Яғни, субсидия көлемі 2 есеге артып отыр. Бір отбасыда 6 адам болса, олар 1,2 млн. теңге көмек алады. Сонымен бірге бір жылға дейін үйді жалға алуға және коммуналдық төлемдерге мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіледі. Қалаға қоныс аударған бір адам 20 АЕК (58340 теңге) мөлшерінде көмек алса, отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса, 25 АЕК (72925 теңге) мөлшерінде пәтерақыға көмек беріледі. Ауылдық жерге қоныс аударған бір адам үшін 15 АЕК (43755 теңге) мөлшерінде пәтерақы берілсе, отбасы мүшелерінің саны 2-ден көп болған кезде 18 АЕК (52506 теңге) мөлшерінде қолдағуа ие болады.
«Успен ауданына қазақ тілі мен әдебиеті, химия, физика, денешынықтыру пәндерінің мұғалімдері қажет. Сондай-ақ техникалық мамадық иелері мен дәрігерлерге де жұмыс орындары жеткілікті», – деді Салтанат Әлпеисова.
Брифингте Қостанай мен СҚО өкілдері де баяндама жасап, Түркістан өңірінің тұрғындарын құшақ жая қарсы алуға дайын екендіктерін жеткізді. Сондай-ақ осы игі бастамаға қолдау білдірген «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық және аудан, қалалық филиалдарына, аудан, қала әкімдіктеріне ризашылықтарын білдірді. Спикерлердің айтуынша, Қостанайдағы Қамысты ауданына механизаторлар, мал дәрігерлері, электрші, дәнекерлеуші, акушерлер, гинекологтар, жалпы тәжірибелі дәрігерлер, ағаш шеберлері, агрономдар және өзге де мамандар қажет. Ал Солтүстік Қазақстан облысы, Ғ.Мүсірепов ауданына ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтар қажет. Жер де, мемлекеттік қолдау да бар.
Жиында көші-қонмен айналысып жүрген қоғам белсендісі, «Евроремонт» ЖШС-нің Жаңабай Ағабеков өз қаржысы есебінен бір топ азаматты солтүстік өңірлерге апарып, ол жақтың жағдайымен таныстыратынын айтты.
«Бүгінде Солтүстік облыстарға қоныстанған жерлестеріміздің көбі өз ісін дөңгелетіп, жетістікке жетіп жатыр. Күңгейдегі ағайындар тірлікке пысық, іскер ғой. Сол жақта бағы жанып жатқандары жетерлік. Сондықтан мен жалпы тұрғындарды ғана емес, кәсіпкерлерді де осы көшке атсалысуға, ұлан-ғайыр жерімізді игеруге шақырамын», – деді ол.
Жуырда Түркістанда «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаевтың төрағалығымен еңбек күші жетіспейтін Солтүстік өңірлеріне халқы тығыз орналасқан Оңтүстік өңірінен тұрғындарды көшіру мәселесі талқыланған жиын өткен болатын. Zoom жүйесі арқылы өткен жиынға Түркістан, СҚО, ШҚО, Қостанай мен Павлодар облысының жауапты өкілдері қатысқан-ды. Мәжіліс қортындысы бойынша Түркістан облысында «Еңбек» бағдарламасы аясында көшті насихаттау, түсіндіру, ақпараттық жұмыстары күшейту жөнінде шешім қабылданды. Әрбір аудан, қаладағы жұмыспен қамту бөлімдерінен осы көшпен тікелей айналысатын мамандар бекітілді.
5 сәуірде солтүстіктен келген делегация Жетісай және Мақтаарал аудандарында болса, 7 сәуірде Келес, Сарыағаш тұрғындарымен кездесулер өткізілді. Делегация өкілдері 9 сәуірде Сайрам мен Ордабасы аудандарына, 12 сәуірде Арыс қаласына, ал 14 сәуірде Түлкібас ауданына барады деп жоспарланған. Кездесулерде Солтүстікке көшудің шарттары түсіндіріліп, бос жұмыс орындары туралы мәліметтер беріліп жатыр.
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі