Түркістан облысында азаматтардың барлық өтініш-тілегін жедел әрі тиімді қарастыратын және халыққа мемлекеттік қызметтерді кедергісіз алуға мүмкіндік беретін «сервистік әкімдіктердің» қатары артып, бүгінгі күні сервистік үлгіде қызмет көрсететін халықтық кеңселер облысқа қарасты барлық қала/аудандарда өз жұмысын бастап кетті. Бұл шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Агенттіктің бастамасымен қолға алынып, қазіргі таңда халыққа қолайлы қызмет көрсетуде.
Мемлекеттік қызметтің сапасы мен халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға және сыбайлас жемқорлықтың туындауын болдырмауға бағытталған халықтық кеңсе ең алғаш Түркістан өңірінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің жанынан құрылған «Түркістан – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің аясында 2018 жылдың 14 желтоқсан күні Түлкібас аудандық әкімдігінің ғимаратында ашылған болатын.
Облысқа қарасты барлық қала/аудандарда ашылған «сервистік әкімдіктер» аудан әкімдігінің аппаратында ұйымдастырылған. Халықтық кеңселерде азаматтарды қабылдау, өтініштерді жедел қарау, құқықтық кеңес беру, мемлекеттік қызметтерді қолжетімді көрсету мүмкіншіліктері қарастырылған.
Сондай-ақ, жер қатынастары, ауылшаруашылық, тұрғын-үй шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, құрылыс, сәулет және қала құрылысы, дене шынықтыру және спорт, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар мен білім бөлімдері бойынша сала мамандары азаматтарға кедергісіз мемлекеттік қызмет түрлерін көрсетіп, негізсіз әуре сарсаңдардың туындауына жол бермейді.
Бұдан бөлек, облыс әкімінің қатысуымен Түркістан қаласында «Ашық әкімдік» жүйесіне негізделген «Парасаттылық орталығы» ашылып, халықтың өзекті мәселелерін шешу бойынша шұғыл әрекет ету, азаматтардың құқығын жүзеге асыруда мемлекеттік органдардың өзара бірлесе әрекеттесуін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.
Аталмыш орталықтың жұмысына жергілікті билік өкілдерінің лауазымды тұлғалары, «Түркістан — Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджерлері, адвокаттар және қоғам өкілдері тартылған.
Сонымен қатар, бүгіннен бастап Түркістан облысына қарасты басқармалар үйі сервистік форматқа көшіп, мемлекеттік қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ететін «Ашық әкімдік» кеңсесімен толықты. Жаңа үлгідегі кеңседе халықпен ашық пікір алмасуға, жазылусыз мемлекеттік орган өкілдерімен тікелей кездесуге қолайлы жағдайлар жасалған және ол бойынша өтініштермен жұмыс жасайтын 21, тікелей мемлекеттік қызмет түрін көрсететін 16 облыстық басқармалардың мамандары қамтылған.
Айта кетсек, ел игілігіне берілген бұл «сервистік әкімдіктер» арқылы Түркістан облысында мемлекеттік органдардың жұмысы түбегейлі трансформацияланып, халыққа барынша қолайлы қызмет көрсетудің жаңа сатысына көтерілді.