Домой Қоғам ТҮРКІСТАН: ОБЛЫСТЫҚ ҮГІТ-НАСИХАТ ШТАБЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ СОЗАҚ АУДАНЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ЖАҢА ЗАҢНАМАНЫ ТАНЫСТЫРДЫ

ТҮРКІСТАН: ОБЛЫСТЫҚ ҮГІТ-НАСИХАТ ШТАБЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ СОЗАҚ АУДАНЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ЖАҢА ЗАҢНАМАНЫ ТАНЫСТЫРДЫ

Бүгінгі күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің жанынан құрылған облыстық ақпараттық-ағартушылық штабының  мүшелері киелі өңірде халықпен тең отырып тілдесуді және сол арқылы тұрғындар арасында адалдық, әділдік құндылықтарын дәріптеуді жүйелі түрде жүзеге асыруда.       
   Бүгін игі мақсатқа құрылған кезекті кездесу облыстық үгіт-насихат Штабының төрағасы Ерұлан Тұңғышбаевтың қатысуымен Созақ ауданында өткізіліп, аудан әкімі аппаратының қызметкерлеріне және аудандық мемлекеттік кірістер мен полиция басқармасының ұжымына, сондай-ақ  орталық аурухана мен білім бөлімінің мамандарына парасатты қоғамды қалыптастырудың маңыздылығы түсіндірілді.  
Жиын барысында сөз алған Е.Тұңғышбаев Агенттіктің бастамасымен халықпен сындарлы сұхбат құру және адалдық және тұтастық  қағидаларын кеңінен дамыту мақсатында құрылған Штабтың негізгі бағыттарын ортаға салып, көлеңкелі қылмыстың жолын кесу —  әрбір ел азаматына жүктелген ортақ міндет екендігін жеткізді.    
Сондай-ақ, Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға енгізілген жаңашылдықтармен таныстырды.  
Кездесу соңында тұрғындардың  ой-пікірлері ортаға салынып, жиынға қатысушылар тарапынан қойылған бірқатар  сауалдарға жауап берді.