Домой Қоғам ТҮРКІСТАН: ОБЛЫСТЫҚ БАСҚАРМА БАСШЫЛАРЫНА СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫН КҮШЕЙТУ ТАПСЫРЫЛДЫ

ТҮРКІСТАН: ОБЛЫСТЫҚ БАСҚАРМА БАСШЫЛАРЫНА СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫН КҮШЕЙТУ ТАПСЫРЫЛДЫ

Бүгін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаевтың төрағалығымен және  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшысы Хаким Көшқалиевтың қатысуымен «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері» тақырыбында  мәжіліс өтті.    

Бармақ басты, көз қысты әрекеттерді болдырмау мәселелері талқыланған алқалы жиынға Департамент өкілдері, облысқа қарасты барлық басқарма басшылары қатысты.          

Ең алдымен, жиын барысында білім беру саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша жыл басынан бері атқарылған шаралар баяндалып, жас ұрпақтың арасында парасаттылық құндылығын насихаттау жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатқандығы атап өтілді.

Мәжілісте сөз алған Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшысы Хаким Дүйсешұлы Департаментпен жыл басынан бері анықталған қылмыстардың басым көпшілігі, яғни 23-і білім беру беру саласында тіркелгенін, осыған орай басқарма басшысы Рахымбек Жолаевқа сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылған ағарту жұмыстарының санына емес, сапасына үңілу қажеттігін және  Департаментпен бірлесе отырып, алдын алу бағыты бойынша ауқымды жиын өткізуді ұсынды.   

Сондай-ақ, адалдық құндылығы әрбір   басшының өзінен басталуы қажет екендігін алға тартып, жиынға қатысушы барлық облыстық басқарма басшыларына сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында 2021 жылға арналған жылдық жұмыс жоспарын қолға алуды тапсырды.

Келелі жиын барысында бағынышты қызметкерлердің арасындағы сыбайлас жемқорлық үшін басшылардың жеке жауапкершілігін күшейту туралы нормалар түсіндіріліп, қоғамдағы көлеңкелі қылмыстың жолын кесу мәселелері кең көлемде талқыланды.  

          Алқалы жиында Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департамент басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген жаңашылдықтарды баяндап, жедел бағыт бойынша Департаментпен мемлекеттік органдардың қызметінде анықталған қылмыстық істерге тоқталды. 

          Сондай-ақ, өз қызметтерінде парақорлық фактілерін болдырмау мақсатында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдауды тұрақты негізде жүргізе отырып, оның сапасын арттыру қажеттігін атап өтті.

         Жиын соңын қортындылаған Ұлан Қалмұқанұлы облыстық басқарма басшыларына сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының алдын алу мәселелерін күшейту  қажеттігін жеткізіп, Түркістан облыстық Департаментінің жанынан құрылған «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірлесе ілкімді жұмыстарды атқаруға шақырды.