Домой Қоғам ТҮРКІСТАН: БАҒА ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ БАСТЫ НАЗАРДА

ТҮРКІСТАН: БАҒА ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ БАСТЫ НАЗАРДА

Қазір қоғамда талқыланып жатқан мәселе көп. Соның бірі – азық-түлік бағасын тұрақтандыру. Адамзат баласының қалыпты өмір сүруіне күнделікті тұтынатын қарапайым тұрмыстық тауарлар ауадай қажет болса, соның ішінде азық-түліктің орны бөлек. Иә, азық-түліктің бағасы қол жетімсіз болған жағдайда, тұрмыстың құты қашары анық.

Осы орайда, қаламыздағы азық-түлік бағасы тұрақты ма? Бағаны тұрақтандыру мақсатында қандай тірліктер атқарылуда? Осы сауалдардың жауабын білу мақсатында Түркістан қалалық бизнесті қолдау және туризм бөлімінің басшысы Г.Дахановамен арнайы барып тілдескен едік.

– Биылғы жылы 4 мамырдағы статистикалық мәліметке сәйкес республиканың 19 ірі қалаларының ішінде Түркістан қаласының әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі 103,3 пайызды құрап 9-орында. Нақтырақ айтсақ, ІІ тоқсанның шекті бағаcымен салыстырғанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 3 түрі бойынша 15% -дан жоғары орын алды. Бірінші санатты жұмыртқа – 350 теңге (шекті баға 322 теңге) 19,8%-ға, күнбағыс майы – 643 теңге (шекті баға -526 теңге) 22,2%-ға, қырыққабат – 92 теңге (шекті баға – 65 теңге) болып, 41,5 %-ға өскен.

Қала нарығына жұмыртқа облыс аумағындағы «Яссы құс» ЖШС мен «Бесқара» ЖШС және республиканың өзге өңірлерінен жеткізіліп сатылуда.

Бүгінгі күнге, жұмыртқа бағасы өсуінің негізгі себебі мал азығының құны 20-30%-ға дейін қымбаттауынан болып отыр.

Ал, күнбағыс майының қымбаттауы статистикалық мәліметтерге сәйкес Ресей мемлекетінен импорттың азаюына және жанар-жағар майдың қымбаттауы (бүгінгі таңда 4-5%), тасымалдау құнынының өсуіне байланынысты. Қырыққабаттың көтерме бағада сатылымы 60 теңгені құрайды. Бірақ тауардың сақталу мерзімі өте қысқа болғандықтан тұтынушыға дейін жеткенше салмағын көп жоғалтады сондықтан бөлшек саудада кәсіпкерлер үстеме бағасын жоғары қойып отыр. Бөлшек саудада іріктеліп ( супермаркет, сауда қатарларында) келісіне 20-30 теңге үстеме баға қойып сатылуда.

Азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында «Turkistan» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының Тұрақтандыру қорымен бірлесіп, «Алтын бұлақ» көтерме базары аумағында және аз қамтамасыз етілген азаматтар шоғырланған аймақтарда (1, 2 және «Отырар» мөлтек аудандарда) сенбі және жексенбі, сондай-ақ мерекелік күндері жылжымалы әлеуметтік дүкендердің саудасы ұйымдастырылуда.

Қала бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағаларын тұрақтандыру мақсатында сауда орындары, сауда базарлары және наубайханалармен 50 меморандумға қол қойылды.

Жұмыртқа бағасын тұрақтандыру мақсатында облыс әкімдігі тарапынан «Яссы құс» фабрикасымен келіссөздер жүргізіліп, меморандум жасалуда.

Түркістан қаласында ашылған «Мagnum» ірі сауда желісі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға өз септігін тигізетін болады. Нақтырақ айтсақ, «Мagnum» ірі сауда желісіне «Айналмалы схема» механизмі аясында қаржы беру жоспарлануда.

Тауарларға рұқсат етілген шекті бағалар бекітіліп, нормативті құқығы актілер тіркеліп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша сауда қызметін атқарып отырған кәсіпкерлерге 15%-дан жоғары сауда үстеме мөлшерін белгілеген жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық заңының 204-3 және 204-4 бабына сәйкес айыппұл салынатындығы жөнінде арнайы ескертпе хаттары қолма қол жеткізіліп берілуде.

Бағалар бойынша супермаркет, сауда қатарлары мен базарларда рұқсат етілген шекті үстеме пайыздан асырмауы үшін бақылау жүргізіліп келеді. Ватсап желісі арқылы 130 дүкендермен байланыс орнатылып, қосымша түсіндіру жұмыстары атқарылуда.

Күнделікті мониторинг жұмыстары барысында бөлшек саудада үстеме баға 10-15% аралығында қалыптасып отыр. Бағалардың өсімі негізі көтерме сауда нарығында болып отыр. Баға өсуінің себептерін анықтау бойынша бәсекелестікті қорғау департаментіне арнайы хат жолдап, хабарладық.

Сонымен қатар, халықтың күнделікті асы нан өнімдері бойынша тыңғылықты жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, «Яссы» ЖШС наубайханасы Түркістан қаласының сауда орындарына күнделікті 3000 дана бірінші сұрыпты нан жеткізіп, 75 теңгеден сатылуда. Ал, «INSAF LTD» ЖШС наубайханасы Түркістан қаласының сауда орындарына күнделікті 8000 дана бірінші сұрыпты нан жеткізіп, 73 теңгеден сатылуда. Сонымен қатар, «Ғажайып» ЖШС наубайханасы Түркістан қаласының сауда орындарына күнделікті 2500 дана бірінші сұрыпты нан жеткізіп, 78 теңгеден сатылуда.

Біздің халықтың басым бөлігі көтерме сауда орындарынан сатып алады. Мысалы «Алтын бұлақ» және «Яссы» базарынан. Баға өсімінің басым бөлігі сырттан тасымалданатын тауарларда байқалады. Бүгінгі күні ол пістемай, құмшекер, картоп. Ал, жұмыртқаның бағасы тауыққа берілетін жем құрамының қымбаттауына байланысты болып отыр. Өзге тауарлар бойынша баға тұрақты,– дейді бөлім басшысы Г.Даханова.

Осы орайда «Түркістан» ӘКК» АҚ басқарма төрайымы А.Ахмеджановаға да хабарласып, бүгінгі таңда атқарып жатқан жұмыстары туралы сұрап білдік.

– «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Түркістан облысы аумағындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру (ӘМАТ) тетіктерін іске асыратын мамандандырылған ұйым. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 1 наурыздағы №145 қаулысымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі бекітілген.

Қоғамның азық-түлік тауарлары Кентау қаласы, Ескі Иқан ауылы, Шарап ата көшесі №7 мекен-жайда орналасқан азық-түлік қоймасында сақталады. Аталған азық-түлік тауарлары кем дегенде аптасына 2 рет Түркістан қаласындағы 13 әлеуметтік дүкендер мен 5 (Дастархан, Даулет, Шапағат, Бәйтерек, Береке) сауда үйлеріне жеткізіліп, сатылымға шығарылады. Атап айтсақ, нан 78 теңге, бірінші сұрыпты ұн 130 теңге, қант 205 теңге, картоп 89 теңге, сәбіз 76 теңге, пияз 56 теңге, рожки 186 теңге, күріш 245 теңге, тұз 43 теңге. Азық-түлік тауарларының бағасы, сапасы мен көлемі қоғам қызметкерлері тарапынан күнделікті бақылануда.

Азық-түлік тауарларын тұрақтандыру қорын қалыптастыру Қазақстан Республикасының «Мемлекеттiк сатып алу туралы» Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Бүгінгі күні қырыққабат, қарақұмық, рожки, 1 сұрыпты ұн, күнбағыс майы, қант тауарлары бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде, – дейді басқарма төрайымы А.Ахмеджанова.

Иә, сонымен жоғарыда жалпы азық-түліктердің бағасын тұрақтандыруға, сондай-ақ әлеуметтік дүкендерді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктермен қамтамасыз етуге тиісті сала мамандарының берген пікірлерінің қаншалықты дұрыс екеніне көз жеткізу мақсатында қаладағы бірнеше әлеуметтік дүкендердің бағаларына сараптама жасап, сонымен қатар, базардағы күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасын да назардан тыс қалдырмадық.

Алдымен, Самал мөлтек ауданында орналасқан №3 әлеуметтік дүкенінен бастадық. Ендеше, әлеуметтік дүкенде қандай азық-түліктер арзан бағада сатылып жатқанын дүкен қызметкерінің өз аузынан тыңдайық.

Мейіржан, №3 әлеуметтік дүкен сатушысы: – Нан 78 теңгеден, бірінші сұрыпты ұнның бір келісі 130 теңгеден, 50 кг бір қап ұнның бағасы 6500 теңгеден сатылуда. Бүгінгі таңда картоп пен ұн келмегеніне бір аптадан асты. Өткен аптада 4 қап картоп 89 теңгеден келді, өз бағасында саттық. Бір сағатқа жетер-жетпес уақытта тез сатылып кетті. Халықтың барлығына жетсін деген мақсатта қала тұрғындарына 2 кг-нан салып бердім. Негізі, картоптың сапасы жақсы. Ал, сәбіз бен пияздың сапасы нашар болып шығуда. Алдағы уақытта сапалы азық-түліктер әкелсе деген ниеттемін. Өйткені, сапасы неге нашар, – деп тұрғындар бізге шағымдарын айтып жатады. Сапасы нашар азық-түліктер бізге де тиімсіз екенін айтқым келеді. Өткенде әкелінген 50 кг пияз өте нашар болып шықты. Көгеріп, шіріп кеткен пияздарды тіптен сата алмай отырмын. (Л.С.:Шынында, жерге жайып тастаған пияздың көгерген, шірігені көп екен). Сонда да болса халық керек болған соң арасынан теріп алып жатыр. Сондай-ақ сәбіздің де сапасы нашар, тамырланып кеткен. Оның үстіне бір қап сәбізден 2,5-3 келідей топырақ шығады,-дейді дүкенші.

Бұдан кейінгі барған әлеуметтік дүкен иесі өзінің аты-жөнін көрсетпеуді өтінді. Сондықтан бұл дүкеннің нөмірін де айтпай-ақ қояйық. Алайда бұл әлеуметтік дүкеннен де алдыңғы жағдайды көрдік. Ұн мен картоптың келмегеніне біраз уақыт болған. Ал, сәбіз бен пияздың сапасы өте нашар. Алдыңғы дүкен сатушысына қарағанда бұл дүкен сатушысы сауданың қыр-сырын білетінге ұқсайды. Содан да болар шіріген пияздардың барлығын қапқа буып-түйіп жинап отыр екен, жеткізушінің өзіне өткіземін деп. «Өтпей қалған азық-түліктерді өздері алады ма?,- деген сауалымызға: «таразыға өлшеп өткіземін, қайта алады» дейді. Ал, қап толы сәбізін ашып қарағанымызда топырақтан әрең көрінеді. Алдыңғы сатушының айтқаны шындық екеніне көзіміз жетті.

Айтпақшы, әлеуметтік дүкен иелері жаз мезгілінде күннің ұзаруына, әрі күндізгі уақытта күннің қатты ысып кетуіне байланысты күндізгі уақытта келушілер қатары сирек болатындықтан жұмыс уақытын ұзартып берулері туралы ұсыныстарын айтты. Осынау ұсынысты осы салаға қатысты құзырлы мекеме басшылары ескереді деген ойдамыз.

Базарға барғанымызда бағаның шарықтап тұрғанына көзіміз жетті. Ауызекі тілмен айтар болсақ, «бағалары удай екен». Картоп 200-220 теңгеден, сәбіз 240-250 теңгеден, пияз 130-150 теңгеден сатылуда. Расында, бұл бағалар халыққа қолжетімсіз. Әлеуметтік дүкендерге келіп түскен картоптың бір сағатқа жетпей сатылып кететініндей-ақ бар екен.

Р.S.: Қорыта айтарымыз, «Түркістан» ӘКК» АҚ басқарма тарапынан әкелініп жатқан әлеуметтік азық-түліктер бағасы үстіне үстеме қосылмай халыққа сол бағада сатылуда. Қазір ірі сауда орындарына баратындай елдің бәрі қалталы емес. Бұрын базарды жағалайтын жұрт қазіргі таңда базардың өзі ушығып тұрған соң, күнделікті тұтынатын азық-түліктерді әлеуметтік дүкендерден алуда. Шынында, әлеуметтік дүкендерде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер қолжетімді бағада сатылуда.

Тағы бір айтарымыз, тиісті сала мамандары күнбағыс, жұмыртқа, қырыққабат секілді азық-түліктердің бағасы неліктен қымбаттап жатқанына өздері саралау жасап бергені бізді қуантты. Бұл, сірә ашық үкімет, ашық жұмыс жүргізудің нәтижесі деп түйдік. Алдағы уақытта да тиісті сала мекемелері халықпен тығыз байланыста жұмыс жүргізеді деген сенімдеміз.

Ләззат САРЫБАЕВА,