Домой Қоғам ТҮРКІСТАН: ҚАРАТӨБЕДЕ ЖАН ЖАДЫРАТАР ЖҰМЫС КӨП

ТҮРКІСТАН: ҚАРАТӨБЕДЕ ЖАН ЖАДЫРАТАР ЖҰМЫС КӨП

Түркістан облысы бойынша аудан, қалалар тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында елді мекендердегі инфрақұрылымдарды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі.
Осы мақсатта Төлеби ауданына қарасты Қаратөбе ауылдық округінде тындырымды істердің атқарылып жатқанын айта кету қажет. Ауылдық округ әкімдігінің желідегі парақшасына көз салсаңыз жағымды жаңалықтар легін көптеп кездестіресіз. Атап айтсақ, аталмыш ауылдық округке қарасты Майбұлақ елді мекеніндегі Нұр ата көшесінің 1,7 шақырым жолға асфальт салу үшін, тас төсеп, даярлық жұмыстары жүргізілуде.

Ауыл тұрғындарының қатынасын жеңілдететін жоба өз тиімділігін көрсетіп отыр. Оған қоса Қаратөбе ауылдық округіне қарасты Қаратөбе елді мекеніне 4.6 шақырым аяқ жол (тротуар) салу жұмыстары бастау алды. Сонымен қатар, Қаратөбе ауылдық округіне қарасты Қаратөбе елді мекенінің екі жерінен аялдама орнатылды. Осы жұмыстардың барлығы халық игілігі үшін. Бұл ретте қолайлы жағдай жасауды көздеген жаңа нысандарға ауыл тұрғындары да ұқыптылықпен қарағаны жөн.