Домой Қоғам ТҮРКІСТАН: «ҚАМҚОРЛЫҚ» БАҒДАРЛАМАСЫНА ЕЛ РИЗА

ТҮРКІСТАН: «ҚАМҚОРЛЫҚ» БАҒДАРЛАМАСЫНА ЕЛ РИЗА


Түркістан облысы еліміз бойынша демографиялық көрсеткіштерімен көш басында тұр. Мұнда халық тығыз орналасқан. Тұрғындар саны 2 миллионнан асып жығылады. Тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жыл сайын жақсарып келе жатқанымен, арасында әлжуаз топтар да жоқ емес. Көпбалалы отбасылардың да қатары жылдан жылға көбейіп келеді.
Осы жәйттарды ескерген Түркістан облысының әкімі, партия филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы «Қамқорлық» кешенді бағдарламасын іске қосқан болатын. Ондағы мақсат – аудан, қалалардағы тұрмыс тауқыметін тартқан отбасыларға жан-жақты қамқорлық көрсетіп, кедейлік шеңберінен шығаруға мүмкіндік беру-тін. Мұндай отбасыларды анықтау үшін ауыл ақсақалдары мен жергілікті белсенділер тартылып, арнайы комиссия құрылды.
Кешенді бағдарлама аясында жыл басынан бері Түркістан облысындағы 2000-ға жуық адамға көмек берілді. 1339 азаматтан тұратын отбасылар азық-түлік, киім-кешек, материалдық көмекпен қамтылды. Оның ішінде 40 шақты отбасына тұрғын үй алып берілсе, 100-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылып, 178 адам қоғамдық жұмысқа тартылған.
Айта кету керек, “Қамқорлық” бағдарламасын «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы мен облыс әкімдігі бірлесіп үйлестірді. Бұл бағдарлама партияның «Бақытты отбасы» жобасының бір тармағы деуге де болады. Игі шара тұрғындар тарапынан жоғары бағаланып, алғысына бөленуде. Көпбалалы, аз қамтамасыз етілген, үйсіз-күйсіз жүрген отбасыларға баспана алып беруге облысымыздағы қалталы кәсіпкерлер, ел азаматтары мен мектеп түлектері белсенді атсалысқанын айтып кетуге тиіспіз.
Міне, бір жылдың көлемінде аталған бағдарлама өзінің тиімділігін дәлелдеп отыр. «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың айтуынша, «Қамқорлық» бағдарламасын жүзеге асыруға партияның өңірдегі барлық филиалы атсалысып жатыр.
«Nur Otan» партиясы сайлауалды бағдарламасында елдің әлемуеттік жағдайын көтеру бағытында нақты міндеттер қойып, жоспар жасады. Жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың түрлі әлеуметтік топтарына қолдау көрсету – партияның басты мақсаты болмақ.

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

«Nur Otan» партиясы Түркістан облысының Сайлау қорының қаражатынан төленді