Хамза атындағы №2 жалпы орта мектебінде «Түркістан-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің бастамасымен «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерімен жүргізілген сыртқы талдау нәтижелері» тақырыбында жиын өтті. Жиынға Түркістан қалалық білім бөлімінің қызметкерлері, мектеп директорлары, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.
![](http://dingek.kz/wp-content/uploads/2019/05/whatsapp-image-2019-05-23-at-11.50.321-kopirovat-1.jpeg)
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің жетекші маманы Ақтөре Талғаұлы кездесу мақсатын түсіндірді. Елбасы Жолдауы аясында департамент және облыс әкімдігі бірлесіп қолға алған «Түркістан-адалдық алаңы» жобалық кеңсесі туралы ақпарат берді.
![](http://dingek.kz/wp-content/uploads/2019/05/whatsapp-image-2019-05-23-at-11.50.33-kopirovat.jpeg)
Сондай-ақ, басқосудың негізгі мақсаттарына тоқталды. Атап айтсақ, ата-аналардан мектептің ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржы жинамау, түлектердің бітіру кештерін өткізбеу туралы, сыйлық бермеу керектігі, тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою бойынша қатаң ескертілді. Жобалық кеңсенің негізгі мақсаты — өңіріміздегі тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді оңтайландыру және қоғамның мемлекеттік билік институттарына сенімін арттыру.
![](http://dingek.kz/wp-content/uploads/2019/05/whatsapp-image-2019-05-23-at-11.50.31-kopirovat.jpeg)
Сондай-ақ, облыстық «Ақпараттық талдау орталығының» әлеуметтік желілерге мониторинг бөлімінің Бөлім басшысы Баян Анарбаева осы тақырыпқа қатысты әлеуметтік желіде жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша мәлімет келтірді. Сауалнамада: «Білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлық фактілеріне куә болсаңыз немесе мәжбүрлеп ақша жинау мәселесімен кездессеңіз (аттестациялау, жөндеу жұмыстары, жазғы лагерь) төменде көрсетілген мекен-жайлар бойынша хабарлауыңызға болады: Facebook парақша: Түркістан-адалдық алаңы, электронды почта: 13regiontaa@gmail.com, тел: 87081235029, 87785357200» — деп көрсетілген хабарландыру бойынша бірнеше мектептің ата-аналарынан шағым түскені айтылды.
Ашық кездесу еркін пікір алаңы форматында ұйымдастырылды. Мектеп директорлары да сөз сөйлеп, адал жұмыс атқарып жатқандарын, ақша жинамағандарын айтты. Осылайша, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау — сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және зерделеуге мүмкіндік береді.