Домой Қоғам СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚ ФАКТІСІН ХАБАРЛАҒАН АЗАМАТТАРҒА АҚШАЛАЙ СЫЙАҚЫ БЕРІЛЕДІ

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚ ФАКТІСІН ХАБАРЛАҒАН АЗАМАТТАРҒА АҚШАЛАЙ СЫЙАҚЫ БЕРІЛЕДІ

Бүгінгі күні Агенттік қызметінің негізгі бағыттарына өзгерістер енгізіліп, қылмыскерлерді құрықтап жазалауға емес, оның жолын болдырмауға, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға негізгі басымдық берілуде.  

Бұл ретте, ел азаматтарының қолдауы мен белсенділігі,  ашықтығы мен оперативтілігі айрықша маңызға ие. Анығында, “Жемқорлыққа қарсымыз!” деген ортақ ұран көптің көкейінде көлкіп тұрғанмен, іске келгенде қоғам індетіне қарсы тұру әрбір ел азаматының ортақ борышы. Сондықтан, қандай да бір сыбайлас жемқорлық көріністеріне куә болған азаматтың әлеуметтік індетке  көз жұма қарамауы,  белсенді әрекет ете білуі – еңселі еліміздің ертеңі үшін жасалған ерен ерлікпен және елеулі еңбекпен пара-пар.    

Ең алдымен, қандай да бір жемқорлық құқықбұзушылық фактісі туралы ақпарат білген тұрғын Агенттіктің тәулік бойы тегін қызмет көрсететін «1424» Саll-орталығына қоңырау шалуы қажет. Онда хабарласушының жеке ақпараты құпия түрде сақталып,  берілген түрлі ақпараттар мен арыз-шағымдар, ұсыныстар мен  пікірлер операторлар арқылы қабылданады. Ел аумағынан, өңір тұрғындарынан және түрлі елді мекендерден сыбайлас жемқорлық тәуекелін жасады деген ақпарат келіп түскен жағдай да, жедел желінің операторлары абонентті Агенттіктің кезекші офицерімен тікелей байланыстырып, әрбір хабарламаны  басты назарға алып отырады. Тіпті,  кейбір тұрғындар өз ақпаратына сенімсіздік   білдірген жағдай да, тегін консультациялық кеңестер беріліп,  ақпараттық көмектер көрсетіледі. Бүгінде бұл аталған сенім телефонымен келіп түскен хабарламалар арқылы қаншама іс қозғалып, бірқатар көлеңкелі қылмыстың беті ашылып үлгергенін айта кеткен жөн. 

Сондай-ақ, қоғам індеті турасында тиісті мекемеге хабарлаудың өзге де жолдары қарастырылған.  Атап айтсақ, Агенттікке не болмаса Агенттіктің аумақтық Департаменттеріне жазбаша түрде арыз қалдыру арқылы  хабардар етуге болады.

Бұл тұрғы да, Сыбайлас жемқорылққа қарсы Агенттік “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” идеясын негізге ала отырып, әрбір тұрғын тарапынан келіп түскен ақпаратқа айрықша ден қоюда. Азаматтардың құқықбұзушылық туралы берген мәліметі расталып, сот қаулысы немесе айыптау үкімі заңды күшіне енген болса, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жұмысына жәрдемдескені үшін аталмыш азаматтарға біржолғы ақшалай сыйақы төленеді және олардың жеке бас қауіпсіздігі мемлекет тарапынан қатаң бақылауда болады.  

Құқықбұзушылық фактісі туралы хабарлаған азаматтарды көтермелеу, яғни біржолғы ақшалай сыйақы беру мөлшері сыбайлас жемқорлық қылмысының деңгейіне сәйкес беріледі.

Қазіргі таңда, 1 айлық есептік көрсеткіш  – 2917  теңгені құрайтындығын ескерсек, әкімшілік істер бойынша –  87 510 теңге (30АЕК), қылмыстық істер бойынша  – 116 680 теңге (40АЕК), орташа ауырлықтағы қылмыстық істер бойынша –  145 850 теңге (50 АЕК),  ауыр санаттағы сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 204 190 теңге (70АЕК) және аса ауыр санаттағы сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша 291 700 теңге  (100 АЕК) мөлшерінде ақшалай сыйақы беру реттілігі қарастырылған.

Бұған қоса, құны 1000 АЕК асатын сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар бойынша біржолғы ақшалай сыйақы пара немесе келтірілген залал мен көрсетілген қызметтер соммасының 10%-ын құрайды.   

Бұл әдіс бармақ басты, көз қысты әрекеттердің анықталуын жеделдетіп қана қоймай, мемлекет пен қоғам арасындағы қашықтықтың азаюына және халықпен кері байланыстың сапасын арттыруда тиімді тетік көзіне айналып отыр.

Атап айтсақ, өткен жылы облыс көлемінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлағаны үшін  14 тұлғаға 2,3 млн.теңге, ал 2021 жылдың 4 айында 4 тұлғаға  741, 7 мың теңге ақшалай сыйақы тағайындалған.  

Сондықтан, азаматтық белсенділіктің айрықша рөлге ие екендігін тағы да хабарлай келе, ел игілігі жолында жұдырықтай жұмылып, өңір жұртшылығын қоғамның қалыпты құбылысына айналған қауіпті кеселдің алдын алуда бірлесе жұмыс істеуге шақырамын.

Мирас Қарғабай,

Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының Бірінші орынбасары.