Домой Қоғам Қосымша білімсіз балалардың әлеуетін толық ашу мүмкін емес

Қосымша білімсіз балалардың әлеуетін толық ашу мүмкін емес

Қаламызда жаңа Оқушылар сарайының, жаңа Саз мектебінің ашылуы барлығымыз үшін үлкен қуаныш. Талай баланың қанатын қатайтып, талабын шыңдайтын мұндай өнер орталықтарының салынуы тек құптарлық іс.
Жақында ғана ҚР Білім және ғылым министрі қосымша білім беруге қатысты мынадай жағымды жаңалықпен бөлісті: “Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында балалардың қолөнер мен шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысуы үшін «Балалар үйірмесі» қызметін қайта жандандыру туралы тапсырма берді.
Қосымша білімсіз балалардың әлеуетін толық ашу мүмкін емес.
Сондықтан әр баланың сабақтан тыс үйірмелер мен секцияларға қатысу мүмкіндігі болуы маңызды.
Елімізде мемлекеттік қосымша білім беру мекемелері біз қалағандай көп емес. Сондықтан балаларды қосымша біліммен қамту үшін тиісті жұмысты атқарудамыз.
Осы ретте жағымды жаңалықпен бөліспекпін.
Жақын арада балалардың мемлекеттік тапсырыс арқылы жекеменшік ұйымдарда да қосымша білім алуына жағдай жасалады.
Қосымша білім беру жүйесіне оқушылар сарайлары, түрлі үйірмелер, секциялар, көркемөнер және музыка мектептері, жас техниктер станциялары және т.б. енеді.
Бұл бағыт арқылы бала қосымша білім алып, түрлі дағдыларын дамытады.
Мемлекет тарапынан ақша бөліп, оқушылар сарайын, өнер мектептерін салу, үйірмелер ашу – бір бөлек.
Дегенмен мемлекеттік тапсырыс арқылы жекеменшік орталықтарда баланың қосымша білім алуына жағдай жасау маңызды.
Бұл – мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаты.
Енді біз қосымша білім беру жүйесінде де осындай тетікті қолданатын боламыз. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқасында қысқа мерзім ішінде балаларды үйірмелермен және секциялармен қамту деңгейін айтарлықтай шығынсыз арттырамыз.
Жұмыс істеп тұрған қосымша білім беретін мемлекеттік ұйымдар да өз қызметін жалғастырып, дамитын болады.
Өткен жылы мектептен тыс ұйымдарды жаппай оңтайландыру тоқтатылғанын атап өткім келеді, бұл да балалардың қосымша білім алуға тең қол жеткізуін қамтамасыз етуге оң әсер етеді.
Сондықтан қосымша білім беруді дамытудың жаңа кезеңі басталды деп сеніммен айта аламын”.

«Nur Otan» партиясы Түркістан облысының Сайлау қорының қаражатынан төленді