Домой Басты жаңалықтар ЕЛБАСЫДАН ШЕН АЛҒАН – ТАЛАБЫ ТАУДАЙ ЖАС САҚШЫ

ЕЛБАСЫДАН ШЕН АЛҒАН – ТАЛАБЫ ТАУДАЙ ЖАС САҚШЫ

«Іріктеу басталды. Академияның білім алушыларынан кәдімгідей тыныштық кеткен. «Ең үздік деген 20 курсанттың ішінен тек екеуіне ғана алда болатын салтанатты шарада Президенттің қолынан шен алу мәртебесі бұйырады»- деген әңгіме тараған. Сонымен барлығымызда өз өнерімізді барынша көрсетіп, шен алуды жеңіп шығуға жан таласудамыз. Іріктеудің бірнеше турдан тұратынын естідік: кескін келбет пен түр-сипат, сөз сөйлеу шеберлігі мен мәнерлеп оқу, саптық жүріс тексеріледі екен. Осылайша бірнеше күннің ішінде іріктеу басталып кетті. Мен де жолдаманы жеңіп алу үшін бар жігерімді жұмсап, өзімді көрсеттім. Арнайы Астанадан келген комиссия мүшелерінің алдында тұрып олардың берген сынақтарынан сүрінбей өтуге тырыстым. Іріктеудің нәтижесі біршама күннен кейін шығатынын естігеннен соң бәсекелестердің көптігін ескере отырып, өз-өзіме деген сенімсіздік пайда болды ма, әйтеуір өз сабағыма көңілімді аударамын деп, күйбең тіршілікпен іріктеуді ұмытып та кетіппін.
Бір күні достарымнан «іріктеуден өттің» деген хабарлар келе бастады. Ұстазымнан сұрасам, шынымен де іріктеуден өткен екенмін. Алайда, кештеу біліп қалып, Астанадағы күтіп отырған комиссияның соңғы дайындық жұмыстарына қатысуға үлгіре алмадым. Отбасылық жағдайларыма байланысты іс-шара болатын күні әзер жеттім. Енді не болар екен. Дайындық аз деп өз-өзімнің кештеу барған кінәмді сезініп, жазғырып отырған едім. Алайда, әуелі Алланың қолдауымен, ата-анамның тілек-дұғасымен әйтеуір Нұр-Сұлтан қаласындағы іріктеуден мінсіз өтіп, ақыры жолдаманы жеңіп алдым. Менімен қатар, екі жігіт те өтті. Осылайша, Тұңғыш Елбасымыздың алдында сөз сөйлеу мәртебесі маған бұйырды. Мен де өз кезегімде артылған үлкен сенімді сезініп Тұңғыш Елбасымыздың алдында қобалжымай сөзімді сөйлеп, саптық жүрісіммен жиналған көпшіліктің көңілінен шықтым.Сол мезеттегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Мен үшін менен асқан бақытты адам дәл сол жерде жоқ секілді көрінді. Сонымен ойламаған жерден Тұңғыш Президентіміздің қолынан алғашқы шенімді алдым.
Сөзімді мұқият тыңдап, жымиып жанымда тұрған жылы жүзді Елбасым «Қызым, қай жерден боласың?» деді. Мен бірден, «Сарыағаштық сақшымын, Елбасы!!!» деп жауап бердім. Жауабыма риза болды ма ол жағын білмедім, бірақ жүзі нұрланып, бір жымиды да арқамнан қақты. Қазақ үшін ұлы тұлға болып саналатын, өзіндік салихалы саясатымен Қазақстанды биікке жетелеген Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың қолынан шен алу-осы уақытқа дейін өмірімде кездескен оқиғалардың ішіндегі ең елеулісі болып қала бермек! Осы оқиғадан кейін де қауіпті қызметімді жоғары деңгейде, мінсіз атқаруға бар мүмкіншілігімді салып келемін. Үстімдегі формамды батырдың сауытындай сыйлаймын!, киіп алып жұмысқа аттанғанда мені ұлы істер күтіп тұр деп өзімді дайындаймын. Себебі, полицейдің көмегіне мұқтаж жандарға қолымнан келгенше көмектесіп, қолдау білдіргім келеді.» — дейді, ағынан жарылып.
Кейіпкерім Жазира Әшімтайқызы бүгінгі таңда учаскелік полиция инспекторы. Ол бұл қызметке 2018 жылдың маусым айынан бастап кіріскен. Міне, содан бері полицей қыз Сарыағаш АПБ-нің «Көктірек» пунктінде өзінің бала кезінен армандап, түскен оқуы бойынша еліне адал қызметін атқаруда. Кейіпкерім Жазира жаны жайсаң, ісіне тиянақты пысық қыз. Сонымен қатар, өте еңбекқор полицей. Олай дейтінім, мектеп қабырғасында жүріп-ақ көптеген марапат-мадақтамаларға ие болғанын білдім. Одан әрі арман қуып Қарағандыға барып, академияға түсуі, қыз баласы бола тұра өз тарапынан нақты шешім қабылдауы, өз-өзіне деген асқан сенімділігі, сонымен қатар «қалайда тәртіп сақшысы боламын» деген адал жүрегі оны жоғарыға жетелейді. Академияны оқып жүріп те олимпиадалар мен білім сайыстарында бағын сынап, арнайы сертификаттарды, марапат-мадақтамаларды жеңіп алған. Білімін одан әрі жетілдіре түсуде талмай еңбектеніп, үнемі кітап оқып жүретін көрінеді.
Жайдары қыз Жазира екі сөзінің бірінде әкесін айтып отырды. «Әкемнің арманын орындадым, әкемнің мерейін үнемі асқақтатқым келеді, әкем үшін жоғарыға ұмтылатын боламын, әкемнің берген тәлім-тәрбиесі, бағып-қаққанын өтеуім керек» деген сөздерді жиі қолданды. Сөйтсем, аруымыз «Әкем мен үшін үлгі тұтарлық жан. Әкемнің өзгелермен қарапайымдылығы, еңбегіне адалдығы, бізді адамгершілікке тәрбиелеуі мен үшін үлкен мектеп…Әке деген ол отбасының тірегі, шаңырағы шайқалмас үшін отбасы мүшелерінің татулығы мен тыныштығын сақтай білетін, материалдық жағын қамтамасыз етіп, балаларын еркелете білетін, сонымен қатар үнемі еңбекқорлығымен ерекшеленетін жан. Ал мен өз әкемнің бойынан осы айтылған қасиеттердің барлығын көріп өскендіктен, мен үшін әкенің орны тым бөлек» дейді. Мен де Жазираның әке туралы айтқан сөздерін тыңдап отырып, «Әкеден-ақыл, анадан-мейір» деген осы болар деген ойға шомдым.
Жазираның Алла қосқан жары Нұрсұлтан. Бүгінгі таңда Қазақстандағы жас отбасылар санын көбейтіп отырған ерлі зайыптылардың екеуі де ауданның бетке ұстар полицейлерлері. Нұрсұлтан мен Жазираның Медина атты сәбиі жақында дүние есігін ашты. Бұл бақытты отбасы туралы ерекше айтып өтетін жайт. Нәзік жанды шенді ару Жазираның жан жары Нұрсұлтан Абдуалиев Сарыағаш АПБ-нің учаскелік полиция инспекторы. Бүгінгі таңда екі ерлі-зайыпты бір мамандық иесі. Қос ғашық бір жерде еңбек етеді. Екеуі де қоғам тыныштығын сақтауда талмай, табанды еңбек етіп жүрген сақшылар. Қос аққудай қызметте де, үйде де бірге.
Жас келін Жазира ата-ененің қолында. Қызметімен қатар, үй шаруасына да үлгеріп, қызметке маңдай термен адал еңбекпен жетуінің өзі көпке үлгі.
«Оқушы болып жүріп мектепті үздік бітіріп, жоғарғы оқу орнын ең жақсы көрсеткішпен тәмәмдап, армандаған ішкі істер органына түсіп, Елбасының қолынан алғашқы шенімді алып, жолдасыммен үйде де, түзде де бірге жүруім, Алланың маған берген үлкен сыйы, ал Мединаның дүниеге келуі менің қуанышымды еселей түсті»,- дейді шенді ару.
Мен де өз кезегімде ел қорғауға дайын тұрған қазақ қызының ісіне сәттілік тілей отырып, сырлы сұхбатымды аяқтайын. Еліміз Қазақстан Республикасының өркендеуі жолында табысты қызмет етіп жүрген өз ісіне шын берілген шенді аруларымыз әрқашан аман болғай. Жазира секілді талабы таудай жас сақшысы бар еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

ТО Полиция департаменті
Г.Абдурахманқызы