Домой Қоғам Ел алдында қызметін адал атқанған азамат

Ел алдында қызметін адал атқанған азамат

Түркістан қалалық ішкі істер органдары мен ұлттық ұлан ардагерлері ұйымының мүшесі Баешов Тайыпхан Камалханұлы 1951 жылы мамыр айының 16 күні Түркістан қаласында дүниеге келген.

Ол 1968 жылы С.Ерубаев атындағы мектеп-интернатта білім алып, қаладағы индустриалды-педагогикалық техникумына оқуға түседі. Оны 1972 жылы бітіріп шыққан соң жолдамамен Бәйдібек ауданының Шаян ауылындағы №85 кәсіптік техникалық училищесіне мұғалім болып қызметке орналасады. Училищеде мұғалім қызметін атқарып жүріп, кеңес әскері қатарында әскери борышын өтеуге 1973 жылы шақырылып, 1975 жылы Отан алдындағы борышын өтеп келеді. Әскери борышын өтеп келген соң Түркістан қалалық атқару комитетіне қызметке шақырылып, инструктор, жалпы бөлімінің басшысы қызметтерін атқарып жүріп, 1977 жылы Түркістан қалалық мәслихатына депутат болады.

Ал, 1978-1981 жылдар аралығында Түркістан қаласындағы Кеңес әскери авиациясы және флоты ерікті қоғамының автомектебінде инструктор-мұғалім болып қызмет атқарады. 1981 жылы Түркістан қалалық партия комитетінің жолдамасымен Қазақстан Республикасы ішкі істер органының Түркістан қалалық ішкі істер бөліміне учаскелік инспектор болып қызметке орналасады. Осы бөлімде аға учаскелік инспектор, профилактикалық бөлімше бастығы қызметтерін абыроймен атқарды. Оның адал атқарған еңбектері ескеріліп, 1993 жылы Түркістан қалалық ішкі істер бөлімі бастығының тәрбие және мамандар жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалады. Ішкі істер органында қызмет атқара жүріп білімін жетілдіру мақсатында Қарағанды жоғары милиция мектебіне оқуға түсіп, заңгер мамандығы бойынша білім алған. Құқық қорғау саласында 1998 жылға дейін қызмет атқарып, еңбек өтілінің жетуіне байланысты құрметті зейнеткерлікке шығады.

Зейнеткерлікке шыққан соң да қол қусырып отырмай заңгер мамандығы бойынша нотариус қызметін атқарып, халыққа қызмет көрсетіп келеді. Оның ішкі істер органындағы көп жылғы мінсіз еңбегі ескеріліп, І-ІІ-ІІІ дәрежелі, ҚР Полициясына – 25 жыл, ІІО-ның құрметті ардагері, қоғамдық ұйымдардың естелік медальдарымен және алғыс хаттармен марапатталған. 2020 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облыстық нотариалдық кеңсесімен үздік нотариус деп танылып, алғыс хатқа ие болды.

Өмірден жинаған мол тәжірибесі бар зейнеткер ағамыз бүгінгі таңда да жастарды тәрбиелеп, ақыл-кеңес беруден жалыққан емес. Қоғамдық ұйым мүшесі бола тұра жаңадан полиция қатарына қызметке орналасқан бірнеше жас мамандарға тәлімгерлік жасап келеді. Түркістан қалалық ішкі істер және ұлттық ұлан ардагерлері ұйымы ел ағасын мерейлі 70 жасқа толуымен шын жүректен құттықтап, оған зор денсаулық, қажымас қайрат, жанұясына құт-береке тілейміз.

Батырхан САНСЫЗБАЕВ,

Түркістан қалалық ІІО және ҰҰ ардагерлері ұйымының төраға орынбасары, ІІО Құрметті ардагері.