Қазақстан – көп ұлтты татулығы мен бірлігі жарасқан мемлекет. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» демекші, қазақстандықтар 1 мамыр күні бірлік күнін атап өтеді. «Бірлік болмай тірлік болмас» деп, берекені көздеген халқымыз мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған. Достық пен ынтымақ бар жерде береке мен ырыс болары айдан анық.
Қазақстан аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қарашаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп келеді. Бірлік күнін балабақшалардан бастап, мектеп, колледждер мен университеттерде, жекеменшік кәсіпорындар мен мемлекеттік ұйымдарда айтарлықтай атап өтеді. Мақсаты – Қазақстан халқының бірлігін нығайту, жастарды достық пен ынтымақтастықта өмір сүруге тәрбиелеу.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылына арналған Қазақстан халқының бірінші форумында жариялаған болатын. 1995 жылғы 1 наурызда дүниежүзіне үлгі болып отырған, ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені – Қазақстан халықтары Ассамблеясы президент жанындағы консультативті – кеңесші орган ретінде құрылды.
Бұл ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым. Қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, азаматтық және рухани – мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық азаматтық бірегейлікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде этносаралық келісімді қамтамасыз ету- Ассамблеяның басты мақсаты.
Бүгінде әрбір ұлтқа салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениетін дамытуға, тілінің жетілуіне қамқорлық көрсетілуде. Осының бәрі Елбасының қоғамдағы азаматтық ынтымақтастық пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтау стратегиясын дұрыс таңдап, ұлтаралық қатынастарды реттеудің тиімді тетіктерін жасай білуінің арқасында.
Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен этностар қалыптастырған ел бірлігі мен тұрақтылықты сақтауға бағытталған қазіргі мол тәжірибе этнос аралық проблемаларды шешудің әлемдік тәжірибесіне енуде.
Бір шаңырақ астындағы халқымыздың ынтымақтастығы мен өзара ауызбіршілігі нығайып, еліміздегі ұлтаралық татулық әрдайым берік болып, достық, бірлік мәңгі, бейбіт тірлігіміз ұзағынан болғай!
Шолпан БЕГАЛИЕВА,
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты,
«Turkistan Bolashag» gimnaziiasy директоры.