Домой Қоғам БІРЛЕСКЕН ЕЛ БӘРІН ЖЕҢЕДІ

БІРЛЕСКЕН ЕЛ БӘРІН ЖЕҢЕДІ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы

 Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді»

 атты мақаласы бойынша Түркістан облыстық мәслихатының 

хатшысы Қайрат Рахымұлы Балабиевтің 

ПІКІРІ

Күні бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы

 Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласын жария етті.

«Тәуелсіздік жылдары ел өмірінің ең қиын да күрделі кезеңдерінде мен кез келген мәселені қадірменді отандастарыммен бірге бүкпесіз, ашық талқыға салып, туған халқыммен үнемі ой бөлісіп келемін. Бүгінгідей бүкіл әлем алаң күй кешіп, ұлт саулығы сынға түскен қазіргі сәтте де баршаны сабырға, байсалдылыққа шақырып, тағы да жұртыма ақ тілеулі сөзімді арнағалы отырмын»,- деп барша қазақстандықтарға өзінің ақ пейілді лебізін жеткізді. Елдің кемел келешегін көздеген келелі ойларымен бөлісіп, халықты бірлікке шақырды.

Елбасы «Халыққа қызмет етуден өзге, менің басқа тағдырым жоқ», — деген болатын. Оның осы сөздерімен үндесіп жатқан істері оның бүкіл Қазақстанға шексіз қызмет етуінің жоғары дәлелі болып табылады. Бүгінгідей COVID-19 коронавирусы бойынша жаһандық деңгейде пандемия жарияланып отырған аса қиын шақта Елбасымыз ұлт саулығы, оның бүгіні мен келешегі жайында ерекше алаңдаушылық білдіріп, әрқашан да және бұл жолы да халқымен бірге екендігін дәлелдеді.

Расында да, бүгін коронавирус індеті әлем жұртшылығын тығырыққа тіреп отыр. Жаһандық, оның ішінде отандық экономика да дағдарысты күй кешуде. Еліміз бойынша кәсіпорындар, зауыттар, шағын және орта кәсіпкерлік қызметтері мәжбүрлі түрде тоқтатылды. Мұнайдың бағасы да бұрын-соңды болмаған ең төменгі бағаға дейін құлдырады. Өзге елдермен шекаралар жабылып, сауда-экономикалық қарым-қатынастар тиылды. Барлық әлем елдерінде жұмыссыздық деңгейі артып келеді.

Әлем мемлекеттерімен қатар еліміздің де басына қатерлі күн туған қиын сәтте Елбасы халық арасындағы ынтымақ-бірлікке, достыққа ерекше зор мән беріп отыр. Өйткені жұрт көңілі уайым мен алаңдаушылыққа салынған осы сәтті өз мүддесі үшін пайдаланғысы келетін арандатушылар жоқ емес. Сол себептен де, Елбасы халықты арзан, азғырынды әңгімелерге еруден аулақ болуға, керісінше ғылым-біліммен айналысуға, әрбір адамды өз отбасына, ата-анасына, балаларына, туған-тысқандарына қамқор болуға, олардың өмірі мен денсаулығын қорғауға   шақырып отыр. 

Ата заңымыздың бірінші бабында: «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі»,  деп нақты жазылғандығын айтқан Елбасы тәуелсіздік жылдары денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында жүзеге асырылған ауқымды жұмыстардың арқасында барлық өңірде бұрын болмаған жүздеген заманауи ауруханалар мен емханалардың салынғандығын, Елордада әлемдік деңгейдегі ең озық техникалармен жарақталған аса ірі ғылыми-медициналық орталықтардың ашылғандығын, оның мамандарының әлемнің ең дамыған елдерінде тәжірибеден өткендігін, «Болашақ» бағдарламасы аясында оқығандығын айтып, осылай алдын ала қамданудың нәтижесінде ұлт денсаулығына қатер төнген бүгінгідей қиыншылық заманда жұқпалы дерттің дәл диагностикасын жасау, оның алдын алу, науқасты емдеу сияқты тиісті шараларды дәрігерлеріміздің жоғары кәсіби деңгейде атқарып жатқандығын мәлімдеді.

Мемлекет пен билік қызметінің арқауы – ұлтымыз бен оның өмірі болғандықтан, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тарапынан қалыптасқан ахуалға барабар шаралар қабылданып отыр. Бұл шаралар коронавирус індетінің таралуын болдырмауға, ауыр экономикалық жағдайда халықтың аса мұқтаж топтарына, уақытша жұмыссыз отырған азаматтарға, көп балалы отбасыларға, кәсіпкерлерге,  ауыл шаруашылығы саласына алуан түрлі көмектердің көрсетілуіне бағытталған. 

Елбасы бүгінгі Қазақстанды Кеңес Одағы ыдыраған өткен ғасырдың 90-жылдарындағы Қазақстанмен салыстыруға болмайтындығын айтты. «Бізде осындай қиындық туғанда ешкімге алақан жаймау үшін, ұрпақ қамы, ел болашағы үшін жинақталған Ұлттық қор мен алтын-валюта қорында 90 миллиард АҚШ доллары бар. Ретімен, үнемді пайдаланар болсақ, ол бүгін басымызға түскен тағдыр мен тарих сынынан еңсемізді тік ұстап өтуімізге мол мүмкіндік береді»,- деді ол. Осы тұста Елбасы Үкіметке, барлық жергілікті атқарушы органдарға соны үнемді, орнықты пайдалану қажеттігін, «Nur Otan» партиясы мүшелерінің де де осы бір сауапты істің алдыңғы қатарынан табылуға тиіс екендігін баса айтты. 

Расында да Кеңес Одағы ыдырап, еліміз өз тәуелсіздігін алған алғашқы кезеңде біз жоспарлы экономиканың дәрменсіздігіне көз жеткіздік. Сол уақытта Елбасымыздың қабылдаған прагматикалық тұрғыдан дұрыс шешімдерінің арқасында еліміз сұраныс пен ұсынысқа негізделген нарықтық экономиканы қалыптастыруға күш жұмсады. Жетпіс жыл бойы экономикасы Одаққа маталған Қазақстан үшін жоспарлы экономикадан нарыққа көшудің өзіндік қиыншылықтары болды. Соған қарамастан, біз көштен қалмай, бой түзедік, үнемі алға қарай ұмтылдық. Жылдар өте сұраныс пен ұсынысқа негізделген нарықтық экономика елімізде ірі, орта және шағын бизнестің дамуына негіз болды. Қазақстан ТМД елдері арасында экономикасы серпінді дамыған мемлекетке айналды. 

Өз мақаласында Елбасы қазақтың зиялы қауымын халықты ынтымаққа шақыруға, өскелең ұрпақты ізгілікке тәрбиелеуге, ал жастарды Отанға шексіз қызмет етуге үндеді.

Елбасы: «Кәсіпкерлерге де арнайы айтарым барсіздер тәуелсіздіктің арқасында өз істеріңізді қалыптастырып, аяқтарыңызға нық тұрдыңыздар, мол дәулетке кенелдіңіздер. Енді «Мен еліме не беремін?» дейтін кездеріңіз де келді»,-деді. 

Айта кетуіміз қажет,  Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұдан ілгерідегі коронавирусқа байланысты халыққа жолдаған Үндеуінде «осындай қиын шақта елге көмектескісі келетін және жәрдем бере алатын адамдардың қаржысы жинақталатын» республикалық қор құруды ұсынды. 

Бүгінде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің басшылығымен облыста дағдарысты еңсеру, халықтың өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған екпінді шаралар қабылданып, жүзеге асырылуда. 

Өз тұсында Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары да індетті бүкіл қоғам болып жеңу, дағдарысты жағдайда халықтың ауызбіршілігі мен ынтымағын арттыру мақсатын көздеген белсенді іс-қимылдар жасауда. 

Елбасымыздың республикалық қор құру тұрғысындағы ұсынысын жүзеге асыру аясында Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары облыс аумағындағы барша іскер азаматтарға, кәсіпкерлерге, ірі кәсіпорындар басшыларына үндеу жариялап, ел басына осындай күн туғанда аянып қалмастан, қатерлі індетті жеңуде иық тіресіп, бар күш-жігерді бір арнаға тоғыстырып, қолдан келген көмекті көрсетуде шетте қалмауға шақырды. Осы Үндеу Түркістан облысының жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, қызу қолдау тапты. 

Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары аталған республикалық қорға 147,5 млн. теңге аударды. Сонымен қатар, облыстық мәслихат депутаттары аз қамтамасыз етілген отбасыларға азық-түлік, гигиеналық құралдар түрінде 8,5 млн. теңгенің көмегін көрсетті. Аталған республикалық қорға депутаттар тарапынан алдағы уақытта тағы да қаражат аударылатын болады.

Сондай-ақ, бүгінгі таңда жүргізіліп отырған «Біз біргеміз!» акциясына да «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық мәслихатындағы фракциясының мүшелері белсенді түрде атсалысуда. Бүгінде кәсіпкерлердің қорға аударған қаражаты мен заттай көмектері арқылы Түркістан облысы бойынша  2 мыңнан астам отбасыға 60 тоннадай азық-түлік, гигиеналық заттар топтамасы жеткізілді. Оны партия өкілдері, «Jas Otan» жастар қанатының мүшелері мен ерікті жастар жүзеге асыруда.

Бұл жердегі мақсат – көмекке зәру, жүріп-тұруы қиын тұрғындарды үйінен шығармай, көмекті жеткізу. Олардың қатарында тыл ардагерлері, жалғызбасты қариялар, мүмкіндігі шектеулі жандар және әлеуметтік жағдайы өте төмен көпбалалы отбасылар бар. Аталған тұрғындардың тізімі облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен аудан, қала әкімдіктерімен бекітілді.

Сондай-ақ, ерікті түрде мемлекеттік қызметкерлер де бір күндік жалақыларын аударды.

Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары тек қаржылай, заттай көмектесіп қана қоймай, халық арасында санитарлық-гигиеналық, дезинфекциялық шараларды қатаң ұстану тұрғысында түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізуде. 

Төтенше жағдай кезінде жұмыссыз қалған азаматтарға қолдау ретінде ең төменгі жалақы мөлшерінде (42500 теңге) әлеуметтік төлемдер туралы Түркістан облыстық мәслихаты депутаттары барлық аудан, қалаларда түсіндіру, насихаттау жұмыстарын жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп тұрақты түрде атқаруда.  

Еліміздегі ауыр індет жағдайында қалыптастып отырған  бүгінгі экономикалық дағдарыстың өткінші жағдай екендігін түсінуіміз қажет. Мұндай зұлым індет пен ауыр экономикалық ахуалға бір Қазақстан ғана емес, әлем елдерінің барлығы да тап болып отыр. Мемлекет бұл қиындықтан шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап отыр және жасайды да. Қазақ елі небір қиын-қыстау замандарды, сан алуан дағдарыстарды бастан өткерген. Бұл сынақтан да біздің аман шығатынымызға күмән жоқ. Сын сағатта мен барша түркістандықтарды дана халқымызға тән биік парасаттылығымызбен байсалдылық танытып, уақытша қиындықтарға берілместен, болаттай бекем болуға, күш-жігеріміз бен бірлігімізді бір арнаға тоғыстырып, дағдарысты абыроймен еңсеруге шақырамын!