Домой Қоғам АБАЙ КҮНІН ҰЛЫҚТАУҒА КАРАНТИН КЕДЕРГІ ЕМЕС

АБАЙ КҮНІН ҰЛЫҚТАУҒА КАРАНТИН КЕДЕРГІ ЕМЕС

Бүгін елімізде тұңғыш рет Абай күні аталып өтуде. Сондай-ақ баршаға белгілі республикамыздың барлық аумағында ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы тойлануда.  Түркістан қаласында да ұлы ақынның есімін ұлықтауға арналған іс-шаралар өткізілді. Тарқатып айтқанда, қала әкімдігінде өткен онлайн конференция ұлт мақтанышының шығармашылығын дәріптеуге арналды.

  «Абай:  Ұлттық болмыстың үлгісі» тақырыбы арқау болған басқосуда қала әкімі Рашид Аюпов құттықтау сөзін жеткізді. Әлем әдебиетінің алып тұлғасына айналған Абайдың туындылары өміршең екендігіне тоқталды.

   «Артынан өшпес із қалдырған біртуар азамат – қазақтың дара ақыны. Абайдың 175 жылдық мерейтойы құтты болсын! Оның адалдыққа жетелейтін мол мұрасын насихаттап, ақын арқылы ұлттық болмысымызды тани аламыз.  Сондықтан – мақтан тұтуға тиіспіз»,- деді Рашид Абатұлы.

«Zoom» платформасы арқылы байланысқан ұстаздар мен түркістандық жастар – ақынның қара сөзін жатқа айтып, өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Қатысушылар белсенділігі ескерусіз қалмады, барлығына дерлік арнайы әзірленген сый-сияпат табысталды. Марапатқа ие болғандар қатарында  “Абай және табиғат” атты қыл қалам шеберлері байқауының жеңімпаздары да бар.