Домой Қоғам 50 БАЛА ТҮРКІСТАНҒА САЯХАТ ЖАСАДЫ

50 БАЛА ТҮРКІСТАНҒА САЯХАТ ЖАСАДЫ

1 маусым – балаларды қорғау күні халықаралық мерекесіне орай, «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы мен «Jas Otan» жастар қанаты игі істі үйлестіріп, балаларға тамаша сый жасады. Атап айтсақ, «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында 50 бала Түркістан қаласына саяхат жасап, жаңа әрі тартымды демалыс орындарын аралады.


Атап айтсақ, Сайрам ауданындағы балалар үйінің 30 тәрбиеленушісі мен Отырар ауданы және Кентау қаласындағы көпбалалы отбасылардан шыққан 20 жасөспірім бала Түркістандағы Қожа Ахмет ясауи кесенесіне зиярат етті. Сонымен бірге кесене маңындағы жаңа кейіпке енген демалыс орындарын аралады. «Керуен сарайда» тыныққан балалар қабылдау орталығына келіп, Түркістанның тарихымен, туристік орындарымен танысты. «Сиқырлы керуенде» асыр салып ойнап, тарихи-мәдени этнографиялық орталығын тамашалады. «Хандар ордасы» монументіне барып, қазақ хандарының тарихымен танысты.
Балалардың демалуына Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Динара Егамбердиева, Кентау қалалық мәслихатының хатшысы Талғат Балабиев және отырарлық жеке кәсіпкер Мерей Дүйсенбай демеушілік жасады. «Жасотандық» жастар оқушыларды алаңсыз қыдыртып, көңілдерін көтерді. Сонымен бірге партияның облыстық филиалының бастамасына «Керуен сарай» ойын-сауық орталығының басшылығы да қолдау көрсетіп, жеңілдіктер жасап, әдемі саяхатқа үлес қоса білді.
Түркі әлемінің орталығын алаңсыз аралап, қиялдарына қанат біткен балалар Түркістанның көз тартар сұлулығына сүйсінгендерін жасыра алмады. Мереке сыйлаған азаматтарға алғыстарын білдіріп, оқуда озат болатындарын жеткізді.