Туған жерге тағзым ету – әр перзенттің
парызы. Осы орайда Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық
мақаласында «Басқа аймақтарға көшіп кетсе де, туған жерлерін ұмытпай, оған
қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері
мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек», – деген болатын.
Міне, бүгінде осы мақсатта Түркістан облысы Жетісай
ауданында ауыз толтырып айтарлық жұмыстар жүзеге асырылуда. Айталық, Жетісай
ауданы Жаңаауыл округіне қарасты Ынтымақ ауылында жеке кәсіпкер Бахтияр Шавкеев
2 қабатты диагностикалық орталықтың құрылысын жүргізуде. Аумағы атшаптырым
нысанның құрылыс сәуір айында басталыпты. Бүгінде мұнда 14 құрылысшы үш
ауысыммен жұмыс істеп жатыр.
«Біздің салып жатқан нысанымыз диагностикалық
орталық саналады. Алдағы уақытта тұрғындарға консультативтік және
емдеу-диагностикалық қызмет көрсету түрлерінің кең спектрін ұсынатын боламыз.
Орталық замануи жоғары технологиялық медициналық жабдықтармен жабдықталады.
Пациенттерге жоғары санатты дәрігерлер кеңес береді. Бұған дейін Шымкент,
Түркістан қалаларына барып, тексеріліп жүрген аудан тұрғындары енді біздің
орталықтан тексерістен өтуіне бар мүмкіндік жасалмақ», — дейді Сардар Шавкеев.
Шавкеевтер әулеті осыдан 3 жыл бұрын Жаңаауыл
елдімекенінен өз қаражаттарына 150 орындық заманауи балабақша ашып берген
болатын. Бүгінде ауыл тұрғындары балабақшаның игілігін көріп отыр. Қазірдің
өзінде мұнда 150 бала тәрбиеленіп жатса, тағы 60 бала кезекте тұр екен. Осыны
ескерген Сардар Бахтиярұлы сәуір айында балабақша жанынан 150 орындық мектепке
дейінгі даярлық орталығының құрылысын бастап жіберіпті. Қазіргі таңда
ғимараттың 2-ші қабаты қалануда. Аталған ғимарат алдағы желтоқсан айында
аяқталады деп күтілуде.
Домой Басты жаңалықтар ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА ДИАГНОСТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ ПЕН МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ДАЯРЛЫҚ НЫСАНЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ