Домой Экономика ТҮРКІСТАН: ЖАҢА СҮТ ЗАУЫТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

ТҮРКІСТАН: ЖАҢА СҮТ ЗАУЫТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жұмыс сапарымен Сайрам ауданына келді. Облыс басшысы әуелі Сайрам ауданынан өтетін облыстық маңызы бар КХ-97 «Ақсу – Шымкент» автомобиль жолының қайта құру жұмыстарымен танысты. Содан кейін аудан әкімі Ұласбек Сәдібековпен бірге «Қамқорлық» аймақтық бағдарламасы аясында көмек алған Қарасу ауылдық округінің тұрғынының шаңырағына барып, отбасының бүгінгі тұрмыс-тіршілігін көрді.

Бұдан кейін Өмірзақ Естайұлы Сайрам ауданынан өтетін облыстық маңызы бар КХ-3 «Көксәйек – Ақсу – Шаян – Мыңбұлақ» автомобиль жолына күрделі жөндеу жұмыстары қажеттігіне көз жеткізді. Аудан орталығы Ақсукент елді мекенін ретке келтіру жұмыстарымен бағамдады.

Сондай-ақ, сапар барысында облыс әкімібастаған жұмысшы топ Ақсукент ауылдық округіндегі ауысымына 500 адам қабылдайтын аудандық емхана мен жедел жәрдем станциясының құрылыс жұмыстарымен танысты. Емдеу мекемесі жақын күндері ашылмақ.

Өмірзақ Естайұлы Сайрам ауданындағы жұмыс сапарын Ақсукент ауылдық округінде орналасқан «АЙКАН» ЖШС сүт зауытында қорытындылады. «AYKAN» ЖШС сүт өнімдерін өңдейтін зауытының ашылуы салтанатына қатысты. Аталған өндіріс орны «Өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасы аясында» іске қосылған. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 100 млн. теңге және 24 млн. теңге көлемінде инвестициялық субсидияға қолдау көрсетілген. Жаңа өндіріс орнында тәулігіне 100 тонна сүт өндіріледі. 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылған өндірісте түрік технологиясымен ірімшіктің 9 түрі шығарылады.