Домой Басты жаңалықтар ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ ЖИҺАЗ ӨНДІРУДЕН КӨШ БАСТАП КЕЛЕДІ

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ ЖИҺАЗ ӨНДІРУДЕН КӨШ БАСТАП КЕЛЕДІ

Түркістан қаласы облыс көлемінде жиһаз өндірісінен алдыңғы орында. Қаланың өңдеу өнеркәсібіндегі өндірістің 20 пайызын осы қатты және жұмсақ жиһаз өндірісі құрайды.  Бүгінде облыстың орталығында 7 ірі кәсіпорын болса, жекекәсіпкерлікпен тіркелген бірқатар шағын жиһаз цехтары да бар.

Облысымыздың жиһаз өндірісінде өзіндік орны Гранд Микс, Азия бренд, Мебель люкс, Кордиал – Түркістан сынды кәсіпорындарының өнімдері еліміздің өзге облыстары мен ТМД елдеріне шығарылады.

   Атап айтар болсақ, өз жұмысын 2013 жылы шағын ғана цехтан бастаған «Азия бренд» (ИП-Абишев) өнімдері еліміздің бірқатар өңірлеріне тарайды.

Кәсіпкерліктің іргесін кеңейткен бұл кәсіпорын бүгінде түркістандық 60 тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Шағын кәсіпкерлікті мемлекет қолдауымен бастаған бұл цехта жиһаздарға қажетті шикізатты әрлеу өнімдері де осы жерде дайындалады.  Цехтың жылдық өнімділігі — 10 мың дана жиһаз топтамасы. Сондай-ақ, бүгінде жиһаз топтамасына қажетті қосалқы бөлшектер мен материалдардың 80 пайызы өздерінен шығады. Бұрындары Ташкент, Қытай елдерініне тасымалданған өнімдерді енді цехта өндіріп, өндірістің тиімділігін арттырып, баға тұрақтылығын сақтап отыр. Қазір фабрикадағы жұмыстың 80-90 пайызы автоматтандырылған. Цехтағы жұмыст италияндық станоктар көмегімен жүргізілуде. Жобалық құны – 20 миллион теңге. Өнімнің сапасын жақсартып, көлемін арттыру үшін кәсіпорын қызметкерлері шетелдік мамандардан тәжірибе алмастырып отырады.

   Сондай-ақ, Түркістандағы индустриалды аймақтағы үлкен жобалардың бірі – «Гранд Микс» кәсіпорының өнімдері еліміздің барлық өңірлеріне таныс.  Себебі, фабрика өнімдері Қазақстанның 14 облысына және Қырғызстанның Бішкек, Ош қалаларына жіберіледі. Қазіргі таңда Ресей, Әзірбайжан елдерінен де сұраныстар қабылдауда. Жиһаз өнімдерінің бірнеше түрін шығаратын «Гранд микс» мекемесі жылына 1,5-2 млрд. қаржының өнімін өндіреді. Онда бүгінде жергілікті тұрғындардан 145 жұмысшы еңбек етеді.

  Облыс орталығы Түркістан қаласында алдағы уақытта кәсіпкерлікті, өнеркәсіпті дамытуға баса мәнберіліп отыр. Бұл тек қаланың көркеюіне ғана емес, жұмыссыздықтың да азаюына сеп болмақ.

Суреттерді түсірген: «Түркістан» газетінің фототілшісі Антон
ЛЕЩЕНКО.