Домой Басты жаңалықтар ТҮРКІСТАН: ҚАЛАНЫ СУЛАНДЫРУ ЖҰМЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ

ТҮРКІСТАН: ҚАЛАНЫ СУЛАНДЫРУ ЖҰМЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ

Осыған дейін қала аумағын суландыру мақсатында «Арыс-Түркістан» магистралды каналынан босатылатын кіші каналдарды іске қосу жұмысы қолға алынғандығы туралы хабарлаған болатынбыз. Бүгінде қаланың орталығын суландыру үшін қолданыстағы арықшалар күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңадан канал арықшалар салынуда.

Осы жұмыстардың нәтижесінде жаңадан 13,6 шақырым канал арықша салынып 11,2 шақырым арықшалар қалпына келтірілсе, осы канал арықшалардың бойынан 13,6 шақырым веложол және 13,6 шақырым аяқ жол салынады деп күтілуде.

Қазіргі таңда Қарашық өзенінен бастау алатын Қотырбұлақ каналынан келетін 5,2 шақырым канал арық тазаланып, қалпына келтіріліп, Кентау тас жолы бойындағы 8,4 шақырым канал арық тас төсенішпен қапталды.

Сондай-ақ, Р-33 канал арықшаның бетоны құйылып, осы тас арық бойынан веложол және аяқ жол қатар жүргізілді. Қазіргі таңда канал арықшаның бойынан гүл бағын салу жұмыстары жүріп жатыр.

Бұған қоса Р-34, Р-33-1 арықтары тазаланып, тас төсеніш төселді.

Қаланың орталық аумақтарын суландыру үшін қолданыстағы Р-32, Р-32-2, Р-33 арықшаларды ауыстыру және жаңадан су ағатын канал арықшалар салу жұмыстарыда өз деңгейінде жүріп жатыр.

Р-33, Р-32 су босату нүктелерінен жер бедерін тегістеу, тас жаю, арық орынын қазу, таптау, бетондау жұмыстары жүргізіліп, аяқ жол мен веложол салынуда. Осылардың қатарында Б.Саттарханов даңғылына дейінгі аралықтағы жол жиегіне шығып кеткен заңсыз қоршаулар бұзылып, бірқатар электр және телефон бағаналарының орындары ауыстырлатын болады.

Бұдан бөлек қала ішінде 5 су ұңғымасы (скважина) қазылып, құбырлары орнатылса, 6 су ұңғымасының қазу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарға 8 арнайы техникалар жұмылдырылды.

Суландыру жұмыстарын жүргізу арқылы қала ішіндегі және айналма жол бойында отырғызылған ағаш көшеттері мен жасыл желекті суғаруға толық мүмкіндіктер болады. Және осы арықшылардан келген су Кесене аумағында құрылысы басталып жатқан Тұңғыш Президент-Елбасы саябағындағы жасанды көлге келіп құятын болады.