Домой Басты жаңалықтар Түркістанда Сүгірдің күйін ұлықтайтын антологиялық еңбек жарық көрді

Түркістанда Сүгірдің күйін ұлықтайтын антологиялық еңбек жарық көрді

Түркістан қаласында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК ұйымдастыруымен «Ұлы даланың ұлы күйшісі» атты іс-шара болып өтті. Жиын барысында «Теріскей толғаулары» кітабы таныстырылып, тұсаукесері кесілді. «Теріскей толғаулары» кітабының авторы – Қазақ Ұлттық өнер университеті «Домбыра» кафедрасының профессоры, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай.

Кітап жастайынан ел арасында «домбырашы Сүгір» атанған, Қаратау күйшілік мектебінің негізін қалаушы, күйші-композитор Сүгір Әліұлының мұраларына арналған. Антологиялық еңбекте Сүгірдің 60 күйі және оның ұстаздары мен шәкірттерінің сирек орындалатын туындылары жинақталған.

«Теріскей толғаулары» кітабы антологиялық сипаттағы әдебиет болады деп ойлаймын. Кітап арнайы кәсіби музыкалық білім беретін оқу орындарына оқу құралы ретінде, мәдени өнер ошақтарына музыкалық-танымдық әдебиет ретінде ұсынылады. Аталмыш еңбек Сүгір күйшінің мұрасын құрмет тұтатын барша оқырман аудиториясының қажетіне жарайтын әдебиет болады деп үміттенемін. Кітаптың ішінде жаңалық өте көп. Басым бөлігі бұрын жарияланбаған күйлер. Кітапқа заманында өзі өнеге көрген және батасын алған ұстаздары – Тәттімбет Қазанғапұлы, Ықылас Дүкенұлы, Сайдалы сары Тоқа, Бапыш Қожамжарұлы, Сатыбалды Бегайдарұлы сынды халық күйшілерінің туындылары мен Сүгір мектебінің өкілдері, оның ішінде Асқар Сүлейменов, Мырзатай Жолдасбеков, Көбдік Кәрбозов, Жаппас Қаламбаев, Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров сынды көптеген композиторлардың күйлері кірді. Сүгір Әліұлының орындалмаған күйлері өте көп. Революцияға дейінгі, совет кезеңіндегі, Созақ көтерілісі, дала аңызы сияқты күйлері бірнеше тарауға бөлінеді. Кітапқа енген күйлерді зерттеп, іздеп, нотаға түсіру, оларға музыкалық анализ жасау сияқты мәселелерге 15 жылдай уақытымды арнадым. Ал оны жарыққа шығаруға қолдау көрсеткен «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі ұжымына көптен-көп алғысымды білдіремін», – деді кітаптың авторы, белгілі күйші Жанғали Жүзбаев.

Сонымен қатар, шарада қос ішекпен қазақ халқының бар болмысын танытатын дәулескер күйшілердің ұлттық мәдениетімізге қосқан үлесі насихатталып, ел ішінде естілмей жүрген күйлер жаңғырды.