Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков Қазақстан ұлттық құрама командасы атынан Токио жазғы олимпиадасында бақ сынайтын Дидар Хамзаны қабылдап, сәттілік тіледі.
«Түркістандық жастарымыздың спортқа ерекше ден қойып, жеңістерімен қаланың абыройын арттырып жүргені көңіл қуантады. Алдағы әлемдік додада жеңіс тұғырынан көрініп, ел мерейін арттырады деп сенемін. Сәттілік серік болсын!», — деген Нұрбол Әбдісаттарұлы ілтипатын білдіріп, сый-сияпат тарту етті.
Айта кетейік, дзюдодан сайысқа түсетін Дидар Маратұлы 1997 жылдың ақпан айында
дүниеге келген. Дзюдодан 2012, 2014 жылдары Тайпей мен Гонконгта өткен сайыстан
жасөспірімдер арасында Азия чемпионы, 2013 жылы АҚШ-тың Маями қаласында өткен
жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2016 жылы
Бразилияның Рио олимпиадасына қатысушы, 2016 жылы Өзбекстанның Ташкент
қаласында өткен Азия чемпионатының күміс жүлдегері, 2018 жылы Индонезияның
Джакарта қаласында өткен Азия ойындарының чемпионы және Халықаралық дәрежедегі
спорт шебері.