Түркістан қаласында орналасқан № 3 Облыстық перинаталдық орталығында үшем дүниеге келді. Үш ұл баланы 39 жастағы Дилхумар Юсупова ота арқылы босанған. Дәрігерлер мерзімінен ерте туылған үшемді өз бақылауларына алып, туғанда салмағы небәрі 1,7 келі (1700 грамм, бойы — 40 см, 1700 грамм, бойы — 39 см, 1970 грамм — бойы 42 см) болған үш ұлды 13 күн бойы күтіп, жетілдірген.. Бұл туралы Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.
Түркістандық дәрігерлердің біліктілігі мен күтімінің, тынымсыз еңбегінің арқасында шала туған шақалақтар күн сайын салмақ қосып, жағдайы жақсарған. Мамандардың сөзінше, қазір олардың өміріне төнетін еш қауіп жоқ. Нәрестелерге жақындары Хасан, Хусан мен Мухаммад есімдерін берген.
Айта кетсек, үшем дүниеге келген отбасының төрт қызы мен екі ұлы бар. 39 жастағы келіншек 9 баланың анасы атанды. Көпбалалы ана үй шаруасында, ал отағасы қарапайым жұмысшы. Былтыр № 3 ОПО-да орталығында 10 мыңға жуық сәби дүниге келді.