Домой Басты жаңалықтар ТҮРКІСТАННЫҢ АПТАП ЫСТЫҒЫ БАСЫЛАТЫН КҮН ЖАҚЫН

ТҮРКІСТАННЫҢ АПТАП ЫСТЫҒЫ БАСЫЛАТЫН КҮН ЖАҚЫН


Жаз шықса шекені тырыстыратын Түркістанның желді ыстығын басу үшін қала ішінде ағын су каналдары болуы тиіс деуші еді мамандар. Сол айтқандай біз хабарлап отырған жаңалық шаһар экологиясын оңалтудағы үлкен қадамның бастауы болғалы тұр.

Атап айтсақ, кеше Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен аппараттық жиын өтті. Мәжілістің күн тәртібінде Түркістан қаласын дамыту және Түркістан облысындағы шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері қаралды. Жиында алғаш болып сөз алған Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев қаланың құрылысы мен облыс орталығын суландыру және көгалдандыру жұмыстарымен таныстырды. Қарашық өзенінен бастау алатын Қотырбұлақ каналынан Кентау тас жолы арқылы Парасат паркіне дейін сол жағы ұзындығы 4,3 шақырым, оң жағы 4,2 шақырым арықтар тартылса, Кентау тас жолы бойында егілген ағаштар мен Парасат паркі суландырылады және қосымша Қазыбек би көшесі арқылы қаланы суландыруға болады. Қала ішіндегі ирригациялық арықшалар бойынша суландыруда қала бойынша 17 көшеде жалпы ұзындығы 70,2 шақырым құрайтын ирригациялық арықшалар бар. Бұл арықшалар 2016-2018 жылдары қайта қалпына келтірілді», – деді Әліпбек Шәріпбекұлы. Түркістан қаласы әкімінің баяндамасын тыңдаған облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев биыл Түркістан қаласының ішінде 5 канал жүргізіп, суландыру жүйесін барынша күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, шаһарда ұңғыма санын көбейтіп, гүл мен шалғынға қажетті су мөлшерін молайту қажеттігін нықтап айтты.

Бұдан өзге, жиында облыстық кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму басқарамасы басшысы міндетін атқарушы Қанат Парманқұлов өңірдегі шағын және орта бизнес саласы жайлы сөз етті. «2019 жылы елдің жалпы ішкі өніміндегі ШОК үлесін 28,2 пайыз деңгейіне және 2025 жылға қарай 35 пайы ға дейін жеткізу міндеті қойылған болатын. 2019 жылы Түркістан облысында бизнес ортаның және кәсіпкерлікті дамытудың жоспарлы көрсеткіші жалпы өңірлік өнімдегі (ЖӨӨ) жалпы қосылған құн 23,2% — ды құрады. Жалпы алғанда, облыста 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 130 804 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді, біздің өңір республика бойынша екінші орында», – деді Қанат Шонбасов.

Басқарма басшысының баяндамасын тыңдаған облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы кәсіпкерлер санын көбейту арқылы салық мөлшерін молайтып, жаңа жұмыс орындарын ашып, елдің әлеуетін көтеру қажеттігін айтты.