Домой Әлеумет «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі Жастар ресурстары орталықтарымен меморандум жасады

«Әзірет Сұлтан» қорық-музейі Жастар ресурстары орталықтарымен меморандум жасады

«2020 жыл — еріктілер жылы» аясында Түркістан қаласы Жастар орталығында «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық -музейі мен Түркістан облысы әкімдігінің Қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстары орталығы» және Түркістан қаласы әкімдігінің Ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстары орталығы» арасында ағымдағы жылы өткізілетін іс-шаралар бойынша бірлесе жұмыс атқару жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Бұл құжаттың басты мақсаттарының бірі – ерікті жастарды «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейінде атқарылатын тарихи, мәдени, қайырымдылық, ғылыми іс-шараларға тарту болып табылады.

Ағымдағы жылы «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық –музейінде түрлі мәдени іс-шаралар, археологиялық қазба жұмыстары сияқты жастарға тәлім-тәрбие, тәжірибе алуға ықпал ететін игілікті шаруалар жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ, бұл бағытта жастарды экскурсовод қызметіне, музей ісіне, көрмелер ұйымдастыруға, жәдігерлерге ғылыми сараптама жүргізуге, реставрация жұмыстарына қатыстырып, болашақ маман иелерінің кәсіби шеберлігін арттыру көзделген.

Айта кетсек, соңғы жылдары «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейінде көптеген игілікті істер қолға алынғаны белгілі. «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейінің бес жылға арналған даму тұжырымдамасы аясында қорық-музейде реставрация, археология, көрме өткізу, ұлы дала мұраларын шет елдерде насихаттау, жас мамандарды қорық-музей ісіне тарту, еліміздің құнды мәдени мұрасы – Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне туристердің қызығушылығын арттыру сынды бірқатар шаралар қарастырылған.

Бүгінгі күнге «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейі өзінің тарихында алғашқы рет шет мемлекеттерде – Түркия, Греция,Өзбекстан және Ресейде көрмелер ұйымдастырылып, еліміздің бай мәдени мұрасын насихатталды. Тұңғыш рет Қожа Ахмет Ясауи шығармалары музыка тіліне көшіріліп, көпшілік тыңдарманға ұсынылды.

«Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейінің даму тұжырымдамасы аясында бірнеше ескерткіштерге реставрация жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, шығыс моншасы, жұма мешіті, қылует жер асты мешіті бар. Ал жеті ата қақпасына апарар магистральді көшеде археология жұмыстары жүргізіліп, көне көше туристер тамашалайтын орынға айналмақ.

Абайдың 175 жылдығына, Әл-Фарабидің 1150 жылдығына, Алтын Орданың 750 жылдығына республикамыздың өңірлерінде жылжымалы көрмелер өткізіледі. Жалпы биылғы жылы «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейінің аумағы түгел абаттандырылатын болады.
Осы игілікті істерді еріктілермен бірлесе іске асыру «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейінің басты мақсаты болып табылады.