Домой Әлеумет ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙЛЫҚ ДЕПУТАТ 10 ОҚУШЫҒА ПЛАНШЕТ ТАРТУ ЕТТІ

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙЛЫҚ ДЕПУТАТ 10 ОҚУШЫҒА ПЛАНШЕТ ТАРТУ ЕТТІ


Түркістан облысы, Жетісай аудандық мәслихатының депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Жұмағали Төреқұл Жетісай қаласы мен Атамекен ауылдық округінен әлеуметтік қолдауды қажет ететін, көпбалалы 10 отбасының балаларына Наурыз мерекесіне орай тарту жасады. Қайырымдылық іс-шарасына Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Нұрлыбек Сағынбекұлы мен орынбасары Құрманбек Рысмаханов қатысты.
Жас депутат пандемияға байланысты онлайн форматта қашықтықтан білім алып жатқан бүлдіршіндерге «SAMSUNG Tab A» планшеттерін үлестірді. Осылайша халық қалаулысы балаларға Наурыз мерекесінің ізгілігін сезіндіріп, олармен тілдесті. Арман-мақсаттарын тыңдады. Сабаққа қажетті құрал-жабдықтары және өзге де қажеттіліктері бар-жоқтығына көз жеткізді.
«Балалардың кіршіксіз көңілдерінен шыққан алғыстары маған үлкен күш берді. Өйткені мен депутат ретінде ғана емес, адами тұрғыда да бүлдіршіндерге, 10 отбасына қуаныш сыйлай алдым» – дейді Жұмағали Төреқұлұлы.
Одан бөлек депутат аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы ретінде отбасылардың атаулы әлеуметтік жәрдемақы алатын, алмайтынымен танысты. Өз мамандарына құжат тапсыруда қиындықтарға тап болған жандарды арнайы заң аясында көмек көрсетуді тапсырды.
Жұмағали Төреқұл былтыр «Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысып, жеңіске жеткен. Партия фракциясына еніп, мәслихат депутаты атанған ол бұған дейін де үнемі қайырымдылық іс-шараларымен айналысып келе жатыр. Мәселен 2020 жылы Жетісай ауданында карантинге жабылған ауыл тұрғындарына 1 млн. теңгенің қайырымдылық көмегін көрсетсе, аудандық ауруханаға жасанды тыныс алу аппаратын алып берген. Сонымен бірге аудан аумағында көпір, аллея салуға да үлес қосқан.