Домой Әлеумет ТҮРКІСТАН: СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ – КҮН ТӘРТІБІНДЕГІ БАСТЫ МӘСЕЛЕ

ТҮРКІСТАН: СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ – КҮН ТӘРТІБІНДЕГІ БАСТЫ МӘСЕЛЕ

Сыбайлас жемқорлық – ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылыққа қауіп төндіріп, мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін төмендететін қоғам індеті.

Сол үшін де, бүгінгі күні мемлекетіміз сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің салдарымен күресуге емес, алдын алуға баса назар аударуда.

Осыған орай, бүгін Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің өкілі Кентау қаласына қарасты Жібек жолы ауылдық округінде болып, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының алдын алу мақсатында ауыл тұрғындарына ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

150-ден астам ауыл азаматтары қатысқан шараға әр түрлі мақсатты топтар, оның ішінде емхана қызметкерлері мен мектеп директорлары, ата-аналар мен қазпошта қызметкерлері қатысты.

Әділдік аясында өрбіген кездесудің негізгі мақсаты — қоғам індетінің алдын алу және билік пен бұқара арасында сенім атмосферасын қалыптастыру.

Жиында сөз алған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің өкілі Ерұлан Тұңғышбаев Агенттіктің басты миссиясы — ел игілігі үшін сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу екендігін атап өтіп, қоғам індетінің туындауына ықпал еткендер, соның ішінде пара алу мен пара бергендер теңдей жауапкершілікке тартылатынын жеткізді.

Сондай-ақ, аталмыш ауылдық округтің әкімі Мейрамбек Әшірбеков сыбайлас жемқорлық бойынша жыл бойына атқарылған жұмыстарды баяндап, ауыл тұрғындарының тарапынан қойылған бірқатар сауалдарға құлақ түрді.

Түсіндіру жұмыстары барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығы ортаға салынып, ауыл тұрғындарына сыбайлас жемқорлық дерегіне ұшырасқан жағдайда, Агенттіктің тәулік бойы тегін қызмет ететін 1424 сенім телефонына хабарласу қажеттілігі атап өтілді.

Шара соңында қоғамдық кеселге теріс көзқарас қалыптастыратын арнайы бейнеролик көрсетіліп, жиынға қатысушылар назарына облыста орын алған жемқорлық деректерінен нақты мысалдар келтірілді.