Домой Әлеумет ТҮРКІСТАН: ШОЛАҚҚОРҒАН АУЫЛЫ АЛДАҒЫ БІР-ЕКІ ЖЫЛДА ГАЗБЕН ҚАМТЫЛАДЫ

ТҮРКІСТАН: ШОЛАҚҚОРҒАН АУЫЛЫ АЛДАҒЫ БІР-ЕКІ ЖЫЛДА ГАЗБЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Өткен жылы Түркістан облысының Созақ ауданын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 100 млн. теңге қаржы қаралып, Жаңатас қаласы бұрылысынан Шолаққорған елдімекеніне дейінгі магистральді газ құбыры мен АГТС құрылысы басталған болатын. Аталған жобаға 2020 жылы 2,6 млрд. теңге қаржы бөлініп, бүгінде құрылыс жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда газбен жабдықтау жұмыстарын «Stroygaz Company» ЖШС-гі өндірістік кестеге сай жүргізуде. Жобаның жалпы құны – 4 млрд. 110 млн. теңге. Газ құбырының ұзындығы – 43,809 шақырымды құрайды.
Бұдан бөлек, биыл аудан орталығы Шолаққорған ауылының ішкі жүйесін жабдықтау жұмыстары үшін жобалық сметалық құжаттамалары жасалып, облыстық бюджетке қаржы қарау туралы ұсыныс жолданған.
«Шолаққорған ауылының ішкі жүйесін газға жабдықтау үшін 2020 жылға 100 млн. теңге қаржы қаралды. Алдағы уақытта мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, заңға сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілетін болады. Бұл жобаның құны – 3 млрд. 560 млн. теңгені құрайды. Газ құбырының ұзындығы – 216 шақырым. Жалпы бүгінде Шолаққорған елдімекенінде 12 мыңға жуық халық тұрады», – дейді Созақ аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Ербол Аманов.