Домой Әлеумет ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛЫҢ ӘКІМІ ҚОРЫТЫНДЫ ЕСЕБІН БЕРДІ

ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛЫҢ ӘКІМІ ҚОРЫТЫНДЫ ЕСЕБІН БЕРДІ

Елбасымыздың Жарлығымен қайта құрылған Мақтаарал ауданы 1,5 жылдың ішінде адам танымастай өзгерді. 2 кент пен 9 ауылдық округтің бойына қан жүгіріп, мақталы өлке күн санап көркейіп келеді. Міне, бұған күні кеше өткен аудан әкімі Бақыт Асановтың 2019 жылы ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында атқарылған жұмыстары туралы есептік кездесуінде аудан тұрғындары мен қонақтары көз жеткізді.

Есептік жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев пен бірқатар басқармалардың, қаржылық ұйымдардың басшылары, зиялы қауым өкілдері мен жергілікті тұрғындар қатысты. Жиын барысында арнайы дайындалған бейне-ролик көретіліп, аудан басшысы кең көлемде баяндама жасады.

Өзгерістер мен толықтырулар нәтижесімен 2019 жылдың нақтыланған аудандық бюджетінің кірісі мен шығысы 30,3млрд. теңгені құраған. Барлық субъектілер бойынша мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарына сәйкес, 9,8 млрд. теңгеге 2897 сатып алу жұмыстары жүрген.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 350 маманға 61,9 млн.теңге бір реттік көтерме жәрдемақы және 70 маманға 265,1 млн. теңге тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредит берілген.

2019 жылдың 12 айында жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 43,2 млрд.теңгені құрапты.

Мақтаарал ауданында егістік жерлердің құнарлығын арттыру үшін 40 мың гектар жер «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру — 2» бағдарламасына енген. Бұл дегеніміз 220 канал, 208 су қашыртқылары ретке келтіріліп, 149 тік дренажды ұңғымалар жөнделеді деген сөз. Аталған бағдарлама аясынды ауданымызда қарқынды жұмыстар жүріп жатыр.

Мақтаарал ауданында өнеркәсіп өнімінің көлемі 7,1 млрд.теңгеге, өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 5,4 млрд.теңгеге жеткен.

Республикалық бюджет есебінен 2018 жылы құрылыс-монтаж жұмыстары басталған және 2019 жылға өтпелі 2 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға тапсырылды. Облыстық бюджет есебінен 5 әлеуметтік нысанның, жергілікті бюджет есебінен 2 әлеуметтік нысанның құрылысы басталып, 2020 жылға өтпелі.

«Тұрғын үй бағдарламасы» аясында Мырзакент кентінде 160 га, Жамбыл ауылдық округі, Жалын елді мекенін ұлғайтуға арналған 45 га жер телімі бөлініп, 2019 жылы егжей-текжейлі жоспарлау жобасы әзірленді. Инфрақұрылым жүйелерін жүргізу үшін тиісті іс-шара жоспарлары бекітілген.

Мырзакент және Атакент кенттерінен жедел жәрдем көрсету станциясымен ауысымына 250 адам қабылдайтын емхана нысандарының құрылыс жұмыстары аяқталды.

Елбасының «Ауыл – Ел Бесігі» бағдарламасы аясында жалпы 500,1 млн.теңге қаржы бөлінді. Аталған қаржыға Мырзакент кентінде орналасқан Абылайхан атындағы жалпы орта мектебінің күрделі жөндеуден өткізіліп, Мырзакент кентінде ұзындығы 13,35 шақырымды құрайтын 13 көшеге орта жөндеу жұмыстарын жүргізілген.

1 елді мекен ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу, 5 елді мекеннің ауыз су жүйелеріне қайта құру жұмыстары аяқталып, пайдалануға тапсырылды. 3 елді мекеннің ауыз су жүйелеріне қайта құру жұмыстары биыл аяқталатын болады.

2019 жылы құрылысы аяқталған 21 елді мекеннің 18-не табиғи газға қосылды. Жалпы сомасы 1,1 млрд. теңгеге 46 ішкі көшеге асфальт төселіп, 71 ішкі көшеге тас төселген. Сондай-ақ, 3 аудандық маңызы бар автомобиль жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2020 жылы аяқталатын болады.

2019 жылы ауданда 769,1 млн. теңгеге 37 басым жобалар іске асырылды. Атап айтқанда, аудан орталығы мен Атакент кентін абаттандыру мақсатында 16,5 шқ-ды құрайтын 10 көшенің аяқжолдары жөндеуден өткізіліп, бойларына 136 орындық, 265 қоқыс жәшіктері орнатылды. Ұзындығы 21,3 шқ-ды құрайтын 18 көшеге 707 дана жарық шамдары орнатылды. Қолданыстағы 23,5 шқ жарық жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, 3 жерге қақпа және орталық көше бойына қоршаулар, 2 көше қиылысына жаңадан бағдаршамдар орнатылды. Сапар базары аумағын қоршау жұмыстары жүргізілді. Мырзакент кентін абаттандыру жобасы бойынша орталық алаң қайта құрылып, 9 балалар ойын алаңшалары салынды.

2019 жылы жалпы білім беру мекемелерінде мұғалімдер саны 3997 болса, оқушылардың саны 26971 құрады. Мектеп бітірушілердің 93-і «Алтын белгі» белгісін және 65-і үздік аттестат иеленді.

Білім беру ұйымдарын 2019-2020 оқу жылына дайындау мақсатында С.Мұқанов атындағы жалпы орта мектебіне 160,5 млн.теңге қаржы қаралып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша 2019 жылы 5 835 адам қамтылуы керек болса, 12 айда бұл көрсеткіш 10 705 адамға жетіп, жоспар 183%-ға орындалды.

575 мақтааралдық қысқа мерзімдік кәсіптік оқудан өтіп, оның 420 жұмысқа орналасты. Сонымен қатар, 121 тұрғын кәсіпкерлік негіздерінде оқып, оның 37 жұмысқа орналасты. Жастар практикасынан 711 адам өтіп, оның 289 тұрақты жұмысқа орналасты.

2019 жылдың 1 сәуірінен бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің критерийі – кедейшілік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан 70 пайызына көтеріліп, жалпы жыл қорытындысы бойынша 9 410 отбасыға 5,9 млрд. теңге қаржы төленді.

Мақтаарал ауданынан жалпы спортшы-оқушыларымыз аудандық бюджет есебінен әртүрлі деңгейдегі 142 жарысқа қатысып, облыстық, республикалық, халықаралық және азиялық жарыстарда жеңімпаз атанған. 2019 жылдың қорытындысы бойынша 198 – алтын, 245 – күміс, 329 – қола медальдарға ие болды.

«Мақтаарал» футбол клубы 2019 жылғы Бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан Біріншілігінде 23 ойын өткізіп, ойын кестесі бойынша 6-шы орында тұрақтап тұр. Ал, клубтың жасөспірімдер командасы 2019 жылғы ҚР Біріншілігінің І-лига мен ІІ-лига футбол клубтарының балалар мен жасөспірімдер командаларының арасындағы 2005 жылы туылған жасөспірімдер құрамы жүлделі 3-ші орынға ие болған.

Айта кетейік, жалпы есептік жиыннан соң аудан тұрғындары тарапынан аудан әкімінің атқарған жұмыстарына «жақсы» деген баға берілді. Облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Иябайұлы аудан басшысының алдағы атқарар жұмыстарына сәттілік тілеп, облыс әкімі Ө.Шөкеевтің Мақтаарал ауданының дамуына ерекеше ынты-ықыласпен қарап жатқанын тілге тиек етті.