Домой Әлеумет ТҮРКІСТАН: КӘСІПКЕР ҰЛЫС КҮНІНДЕ ҮЛКЕН СЫЙ ЖАСАДЫ

ТҮРКІСТАН: КӘСІПКЕР ҰЛЫС КҮНІНДЕ ҮЛКЕН СЫЙ ЖАСАДЫ

Туған жерге тағзым ету, оны қастерлеу халқымыздың ежелден қалыптасқан салты. Ол — ұлттық санамыздағы аса қастерлі ұғым. Мұндайда «Жігіттің түсін айтпа, ісін айт» деген дана бабаларымыз.
Туып өскен өлкеге еңбегімен елеулі болған азаматтар аз емес. Әсіресе кәсібін дөңгелетіп жырақта жүрсе де бір сәт кіндік қаны тамқан топыраққа қолұшын созуды ұмыт қалдырмайтын азаматтардың бар екенін білеміз. Міне, осындай мақсатта өткен аптада Түркістанның төл перзенті Жеңіс Қыдыров игілікті істің ұйытқысы болды. Яғни, ол туған жерге, туған елге қызмет етудің бірегей жолы – әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға Ұлыстың ұлы күнінде үлкен қуаныш сыйлады.
Атап айтсақ, Жеңіс Серікбайұлы еліміздің ірі қалаларында өз кәсібі жүргізіп келе жатқан жас кәсіпкер. Кеңдігімен кемдікті ада етіп жүрген бұл азамат елімізде ғана абыройлы емес, Румынияның құрметті азаматы деген атаққа да ие болған.
Түркістан қалалық әкімдігі және қалалық мәслихаттың ұйымдастыруымен кәсіпкердің қайырымдылық шарасы Түркістан қаласында да өтті. Шараға Түркістан қалалық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Бақытжан Абенұлы бастаған шаһардың еріктілері атсалысты.
Жеке кәсіпкер әлеуметтік жағдайы төмен 100 отбасына 50 мың теңгеден үлестіріп, Түркі тілдес елдерден келіп білім алып жатқан 400 студентке қайырымдылық пакетін табыстады. Сонымен қатар, Түркістан қаласында 250 студентке арналған жатақхана салып жатқанын да айта кету қажет. Ол жерде жатақханаға қол жеткізе алмай жүрген жастар тұрмыс кешпек.


Жеңіс Серікбайұлы: «Бизнес әлеміне ерте араласып, өмірдің ашысы мен тәттісін ерте таттым», — дейді. Елімізде жастарға көп қамқорлық жасау қажеттігін, білім алуға қолдау керектігін айтады.
Жеке кәсіпкер бұған дейін де көптеген игі істер атқарған. Нұр-Сұлтан қаласында 1000 баланы жатақханамен қамтамасыз етті. Жас мұғалімдерге көмек көрсету мақсатында 100 маманға берілген баспананың алғашқы жарнасын өз қаражатынан төлесе, жағдайы төмен тағы 30 отбасыға тегін баспана салып беріпті.
Осындай мұқтаж жандардың жай-күйі мен қиындықтарына бей-жай қарамай, қол ұшын беретін жомарт жандардың игіліктерін көргенде еріксіз еміренесің. Бұл ретте халқының тұрмысын ойлап, көмек беруден шаршамайтын азаматтардың ісі көпке үлгі болса дейміз.