Домой Әлеумет ТҮРКІСТАН ӨҢІРІНДЕ АҚПАРАТТЫҚ-АҒАРТУ ШТАБЫ БЕЛСЕНДІ ЖҰМЫС ЖАСАУДА

ТҮРКІСТАН ӨҢІРІНДЕ АҚПАРАТТЫҚ-АҒАРТУ ШТАБЫ БЕЛСЕНДІ ЖҰМЫС ЖАСАУДА

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен халықпен сындарлы сұхбат құру және ақпараттандыру шаралары арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша ел аумағында ақпараттық-үгіт насихат штабтары құрылған болатын.

Осыған орай, Түркістан облысында 2019 жылдың 25 желтоқсан күні құрылған облыстық ақпараттық-ағарту Штабы бүгінгі күні жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың елге тигізер залалы мен зардабын, әрбір отбасыға тигізер себебі мен салдарын терең қазбалап, облысқа қарасты қала/аудандардың тұрғындарына жіті жеткізіп келеді.

Ағартушылық Штабтың құрамында Түркістан өңіріне белгілі тарихшы, айтыскер ақын, заңгер, журналист, мәдениет қайраткері, аға оқытушы сынды азаматтардан құралған зиялы қауым өкілдері бар.

Бүгінгі күні ақпараттық- үгіт насихат тобы Түркістан облысы аумағында мемлекеттік мекемелер мен ауылдық округтерде, сондай-ақ құқық қорғау, денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет, кірістер саласы сынды сан түрлі салаларда құрылғалы бері өңірімізде 5 мыңнан аса азаматты қамтыған 100-ден астам кездесулер өткізді.

Кездесулердің негізгі мақсаты — сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және қоғамдағы ашықтықты қамтамасыз ету арқылы мемлекеттік орган мен қоғам арасындағы кері байланысты орнату және ел азаматтарын адалдық, әділдік, парасаттылық сынды құны биік қасиеттерге үндеу.

Сонымен қатар, Штаб мүшелерімен Кентау қаласына қарасты Шорнақ және Қарашық ауылдық округтерінде қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырылып, тұрғындардың талап-тілегі мен сауалдарына нақты жауап берілді.