Домой Әлеумет ТҮРКІСТАН: ӨҢІРДЕ ӨТКЕН ҰБТ БОЙЫНША 121 АБИТУРИЕНТ ТЕСТІЛЕУДЕН ШЫҒАРЫЛДЫ

ТҮРКІСТАН: ӨҢІРДЕ ӨТКЕН ҰБТ БОЙЫНША 121 АБИТУРИЕНТ ТЕСТІЛЕУДЕН ШЫҒАРЫЛДЫ

Ұлттық бірыңғай тестілеу — жоғары оқу орнына түсуге ниет білдірген талапкерлердің білім деңгейін анықтайтын іріктеу емтиханы. Тестілеу арқылы шекті баллдан асқан кез-келген оқушы әрі қарай өз біліктілігін арттырып, мемлекет тарапынан бөлінген білім грантын жеңіп алуға мүмкіндік алады.

Осыған орай, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті мен «Түркістан — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметкерлері, сондай-ақ Арнайы мониторингтік топ пен ақпараттық-ағартушылық Штабының мүшелері 16-19 қаңтар аралығында облыстағы білім ордаларында өткен ҰБТ-ның өту процесіне қатысып, аталмыш емтиханның ашықтығы мен объективтілігіне қоғамдық бақылау жүргізді.

Бақылау жүргізудің негізгі мақсаты — жоғары білім алуға қолжетімділікті арттыру және өңірдегі білім деңгейінің адал бағалануын қамтамасыз ету.

Бірыңғай тестілеуге жүргізілген төрт күндік бақылау қорытындысына сәйкес, облыс бойынша ҰБТ-ға қатысуы тиіс 19 649 абитуриенттің 19 374-і ғана тестілеуге қатысқандығы, оның ішінде 121 үміткердің түрлі тәртіп бұзушылық негізінде аудиториядан шығарылғандығы анықталды.

Тәртіп бұзған талапкерлердің басым көпшілігі Сайрам ауданында тіркеліп, 30 абитуриент мобильді құрылғылар мен шпаргалкаларды пайдаланғандығы үшін тестілеуден шеттетілген.

Айта кетсек, ҰБТ процесін бақылау жұмыстары алдағы наурыз, маусым, тамыз айларында өтетін тестілеу кезінде өз жалғасын табатын болады.