Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің бас маманы Төлегенқызы Гүлмира «Әлеуметтік сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиал қызметкерлерінің арасында оқыту семинарын өткізді.
Кездесудің негізгі мақсаты — квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу, заңға енгізілген жаңа нормаларды және сыбайлас жемқорлықты барынша азайтудың стратегиялық маңыздылығын түсіндіру.
Оқыту семинарында Г.Төлегенқызы жемқорлықтың орын алу жағдайлары мен оның алғышарттарын жою жөнінде және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаларға енгізілген өзгерістерді талқылап, қызмет бабын пайдалану арқылы сыйлық алып, сыйлық бергендерге жаза түрі қарастырылғанын жан-жақты түсіндіріп өтті.
Сондай-ақ, қызметшілердің сыйлық және сыйақы қабылдау мәселесіне айрықша тоқталып, сыйлықтар берілген күннен бастап 7 күнтізбелік күн ішінде ерікті түрде арнайы қорға тапсырылуы, ал алынған қаражат екi аптадан аспайтын мерзiмде республикалық бюджетке аударылуы қажеттігін тілге тиек етті.
Осы ретте, аталған мерзімдердің бұзылуы қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа тарту үшін негіз болатыны және атқаратын мемлекеттік лауазымдарынан босатылатыны атап өтілді.
Сондай-ақ, Агенттік тарапынан жүзеге асырылып жатқан жаңа жобалар мен Департамент тарапынан жүргізіліп жатқан іс-шараларға тоқталып, қызметшілерді әдепті және қарапайым болуға шақырды.
Жемқорлық көріністеріне жол бермеуді мақсат еткен жиында ақпараттық дәріс оқылып, әлеуметтік дертке қарсы теріс көзқарас қалыптастыратын арнайы бейнеролик көрсетілді. Сонымен қатар, қатысушылар тарапынан қойылған бірқатар сауалдарға нақты жауап берілді.