Жастардың арасында парасаттылық идеологиясын насихаттау және терең білімнің маңыздылығын түсіндіру мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігімен тоқсан сайын «Адалдық сағаты» республикалық науқаны өткізілуде.
«Адалдық сағатының» негізгі мақсаты — өскелең жас ұрпақтың өн бойына адалдық, парасаттылық, әділдік, сенім құндылықтарын сіңіруге және жас буынның рухани болмысын бекітіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру.
Қалыптасқан жағдайда «Адалдық сағаты» дәстүрлі түрдегі кездесулердің орнына бұл жолы онлайн форматта өтті.
Абай Құнанбайұлының 175-жылдығына орай, онлайн дәрістің тақырыбы «Адалдықты мұра еткен Ұлы Абай» деп аталып, жас ұрпақты бас ақынның жақұтты жырларымен әділ, әрі парасатты тұлға болып қалыптасуларына бағытталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Абайды білу — өзіңді тану. Өзін-өзі тану және адамның тұрақты дамуы, ғылым мен білімнің басымдығы — жетілудің көрінісі. Бүгінде Абайдың сөзі жас ұрпақтың бағдары болуы тиіс», — деп мәшһүр ақынның мазмұнды өлең-сөздеріне пайымды пікірін білдірген болатын.
Осыған орай, аталған науқан аясында Түркістан облысы бойынша жоғарғы оқу орындары және колледждердің 1-курс студенттері мен 9 — 11 сынып оқушылары, жалпы саны 100 мыңға жуық жасөспірім қамтылды.
Бейне-дәрістер екі тілде республикалық «EL ARNA» және «Balapan» телеарналары мен Агенттіктің Youtube-арнасы және оның аумақтық департаменттерінің, «Adaldyq alańy» жобалық кеңселерінің әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы көрсетілді.
Алдағы уақытта қоғам өмірінде парасаттылық идеологиясын насихаттау мақсатында Агенттікпен жүргізілетін жүйелі жұмыстар өз жалғасын табатын болады.