Домой Әлеумет ТҮРКІСТАН: БАЛАЛАР ҮЙІ ТӘРБИЕЛЕНУШІЛЕРІНІҢ ТАЛАП-ТІЛЕКТЕРІ ДӨҢГЕЛ ҮСТЕЛ ЖИЫНЫНДА ҚАРАЛДЫ

ТҮРКІСТАН: БАЛАЛАР ҮЙІ ТӘРБИЕЛЕНУШІЛЕРІНІҢ ТАЛАП-ТІЛЕКТЕРІ ДӨҢГЕЛ ҮСТЕЛ ЖИЫНЫНДА ҚАРАЛДЫ

Балалар – бұл әрбір шаңырақтың шамшырағы, қоғамның құнды қазынасы, ертеңгі күннің тірегі, әрі келер  келешектің келбеті.  Оларға қоғам болып қолдау көрсету, әрі жан жылуына бөлеу  – адам болмысындағы құнды қасиет парасаттылықтың жарқын көрінісі.      

          Осыған орай, бүгін Арыс қаласында  ҚР Сыбайлас жемқорлыққа  қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша  Департаментінің бастамасымен  облыс аумағында орналасқан  «Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» мен «Бауыржан отбасы үлгісіндегі  балалар ауылы» және «Төле би отбасы үлгісіндегі балалар ауылының»  бүгінгі ахуалы мен проблемалық мәселелері  бойынша дөңгелек үстел өтті.  

    Тәрбиеленушілердің бүгінгі тұрмыс-тіршілігі кең көлемде талқыланған алқалы жиынға Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек,  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаев және облысқа қарасты балалар ауылының директорлары, сондай-ақ  бейнебайланыс режимі арқылы ҚР Мәжіліс депутаты Әлия Әбсеметова қатысып, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндердің  қалауы мен  ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді. 

          Дөңгелек үстел жиынында сөз алған Мирас Асқарбайұлы балалардың құқығын қорғау, олардың ішкі жан-дүниесімен танысу, адал еңбек етуге тәрбиелеу, рухани білім беруді жан-жақты қамтамасыз ету баршаға жүктелген ортақ міндет екендігін атап өтіп, жиында көтерілген өзекті мәселелердің оңтайлы шешімін табу және оны жүзеге асыру қазіргі қоғам үшін айрықша басымдыққа ие екендігін тілге тиек етті.

Өз кезегінде аталған балалар ауылының директорлары сөз алып, бірқатар ұсыныстарды, атап айтсақ түркістандық тәрбиеленушілерді Түркістан қаласына  тіркеп,  үй алу кезегіне тұрғызуда туындайтын мәселелерді шешу,  балаларды жазғы демалыс кезінде Көкшетау, Қапшағай қалаларындағы «Балдәурен» оқу-сауықтыру лагеріне жіберу,  2002 жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстарын  көрмеген «Бауыржан отбасы үлгісіндегі  балалар ауылын» жаңарту, «Төле би отбасы үлгісіндегі балалар ауылына» тиесілі 10 га жер телімін бүлдіршіндердің игілігі үшін игеруге ықпал ету мәселелері бойынша өз ұсыныстарын білдіріп, жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарды кезең-кезеңмен қысқарту үшін тәрбиеленушілерді асырып алуға, патронатқа, қомқоршылыққа алуға киелі мекендегі азаматтарымыз ықылас білдірсе деген жанашырлық ниеттерін жеткізді.

Облыс бойынша жалпы саны 175 жеткіншекті тәрбиелеп жатқан 3 балалар үйінің бүгінгі әлеуетіне терең үңілген Әлия Маратқызы аталған ұсыныстарды алдағы уақытта мәжіліс  отырысында  назарға алатынын жеткізсе, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы өңірдегі балалар үйінде жылдар бойы шешімін таппаған проблемалық  мәселелердің оңтайлы шешілу барысын өз бақылауына алатынын баса айтты.

          Айта кетсек, Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаменті 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап,  «Мейірімділік нұры» акциясы шеңберінде Арыс қаласында орналасқан балалар ауылының жеткіншектерін өз қамқорлығына алып, тұрақты негізде қолдау көрсетіп келеді.