Домой Әлеумет ТҮРКІСТАН: БӘЙДІБЕК АУДАНЫНЫҢ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРІ ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛУДА

ТҮРКІСТАН: БӘЙДІБЕК АУДАНЫНЫҢ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРІ ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛУДА

Бәйдібек ауданына қарасты Тасқұдық және Боралдай ауылдарына газ берілді. Екі ауылда 600-ден астам отбасы тұрады. Аудан әкімі Ержігіт Шәріпбеков ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісті. Түркістан облысының кешенді даму бағдарламасына сәйкес 2025 жылға дейін Бәйдібек ауданындағы елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету үлесін 92,3%-ға жеткізу көзделіп отыр.«Тәуелсіздігіміз туын тіккен жылдардан бері елімізде, оның ішінде біздің ауданда көптеген ауқымды жұмыстар қолға алынып, ел игілігіне пайдалануға берілуде. Соның бірі – Тасқұдық пен Боралдай елді мекендерінде жүзеге асып отыр. Бүгін міне, қуанышты жағдайдың куәсі болып отырмыз», – деді ол. Айта кетейік, Бәйдібек ауданына 2015 жылы «Бейнеу – Шымкент» магистралды газ құбырының құрылысы жүргізіліп, қараша айында көгілдір отынның алауы жағылып, аудан орталығы Шаянға газ берілген болатын. Өткен жылдың соңында екі елді мекен табиғи газға қосылды. Бүгінгі Тасқұдық пен Боралдайды қосқанда қазіргі таңда аудандағы 10 ауыл табиғи газды тұтынып отыр. Қазіргі таңда 6 елді мекеннің ішкі газ жүйелерінің құрылысы аяқталған. Бір елді мекенге жеткізуші және ішкі газ тораптарының құрылыс жұмыстары толығымен аяқталғаннан соң тағы жеті елді мекенге табиғи газ беріледі деп күтілуде. Одан бөлек, 13 елді мекеннің ЖСҚ-сы мемлекеттік сараптамадан өтуде. Және де 8 елді мекеннің сәулеттік жоспарлау тапсырмалары әзірленуде.