Домой Басты жаңалықтар ТҮРКІСТАН: Ауған соғысы ардагерлеріне мерекелік медал тапсырылды

ТҮРКІСТАН: Ауған соғысы ардагерлеріне мерекелік медал тапсырылды

Түркістан қаласындағы «Хамза» атындағы №2 жалпы орта мектеп коммуналдық мемлекеттік мекемесінің акты залында Түркістан қалалық Ауған соғысы ардагерлер Кеңесінің «Аталар аманатын абыроймен орындаған ұрпақтар» атты іс-шарасы өтті. Іс-шара Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шыққанына 30 жыл толуына арналған «Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 30 жыл» мерекелік медалын Ауған соғысы ардагерлеріне тапсыру рәсіміне орай ұйымдастырылды. 

Аталған іс-шараға Түркістан қалалық әскери комиссариат, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшылары мен мамандары, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы өкілдері, қала мектептеріндегі «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәнінің мұғалімдері, ұстаздар, Ауған соғысының ардагерлері мен БАҚ өкілдері қатысты. 

Аталмыш кездесу мемлекеттік әнұранмен басталып, оның соңы бес минуттық видео-роликке ұласты. Іс-шараны жүргізуші тарих пәнінің мұғалымі Өтепбергенова Гүлназ шараға қатысушыларды Ауған соғысының қысқаша тарихымен таныстыра отырды, одан әрі шараға қатыушылар сұм соғыста қаза болғандарды 1 минут үнсіздікпен еске алды. Сондай-ақ кездесу барысында сөз алған «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы саясат бөлімінің кеңесшісі Қ.Тәжиев, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Б.Букебаев, подполковник Н.Ахметұлы, Түркістан қалалық Ауған соғысы ардагерлер Кеңесінің бұрынғы төрағасы, Ауған соғысының ардагерлері Ә.Қожабаевтар Ауған соғысының қасіреті мен әлі де болса айтылмай жатқын «ақтаңдақтары» жайлы сөз етті. Жалпы 10 жылға созылған кескілескен бұл соғысқа Қазақ жерінен 22 269 адам қатысып, оның 761-і қаза тапса, 250-ге жуық жерлесіміз Түркістан топырағынан 1979-1989 жылдар аралығында кеңес әскерлері қатарында «интернационалдық борышын өтеу» үшін соғыс қимылдарына аттанды. 11-і ерлікпен қаза болып, бәрі «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды. Аман оралғандардың ішінде 3 «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері болса, 35-і «За отвагу» және «За боевые заслуги» соғыс медалынп ие болды. Әскери шені жағынан алғанда 9-ы офицер, 16-сы сержант, қалған 198-і қатардағы жауынгер ретінде қызмет етті.

Қолдағы қаруды тастап, қиямет қайымнан елге оралған түркістандық жауынгерлер ендігі қалған өмірін Егеменді елінің өркендеуі мен жастар тәрбиесіне арнауды мақсат етті. Осы мақсатты іске асыру үшін қаруластарының басын қосатын орта қажет болды. Содан 1999 жылдың 5 ақпанында Түркістан қаласының сол кездегі әкімі Уалихан Қайназаров, сол кездегі Түркістан қалалық әскери комиссары Абдурашит Саттаров, Түркістан қаласы әкімінің сол кездегі бас маманы Жанболат Ибрагимов және Түркістан қалалық әскери комисариатының қызметкері Манзура Абдулаевалардың үлкен еңбектері мен қолдауының арқасында «Түркістан қалалық Ауған соғысы ардагерлері Кеңесі» құрылды. Кеңестің президиум мүшелері болып Әзімбай Қожабаев, Зәкір Абдураимов, Бекайдар Көшербаев, Жорахан Юлдашев, Алым Розметов, Тілес Ақай және Шарап Шарапов сияқты Ауған соғысының ардагерлері сайланса, соның ішінде Кеңес төрағасы етіп Б. Көшербаев, төраға орынбасарлары болып Ә.Қожабаев, З.Абдураимов пен Ш.Шараповтар сайланды.

Іс-шара барысында қаладағы Некрасов мектебінің Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәнінің мұғалімі С.Есенқұлов патриоттық тақырыпта бірнеше ән орындап, Түркістан қаласында тұратын 50-ден аса Ауған соғысының ардагерлеріне 30 жылдық мерейтойлық медалы салтанатты түрде табыс етілді. 

Іс-шараны Түркістан қалалық Ауған соғысы ардагерлер Кеңесінің төрағасы Т.Бегимов қорытындылап, қаруластарын мерейтойлық медаль алуымен құттықтады. Іс-шараны ұйымдастыруда іскерлік танытқан қаруластары Ә.Қожабаев, Ж.Жантілес, З.Абдураймовқа алғысын білдірді.