Домой Басты жаңалықтар ТҮРКІСТАН: «АРЫС» — «МАҚТААРАЛ» ЖОЛДАСТЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

ТҮРКІСТАН: «АРЫС» — «МАҚТААРАЛ» ЖОЛДАСТЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

Өз алаңында Қазақстан Республикасы бірінші лигасында ойын көрсететін «Мақтаарал» футбол клубының қосалқы командасын қабылдаған «Арыс» футбол клубының қосалқы командасы 3:3 есебімен тең аяқталды.
Жарылыстан кейінгі күрделі жөндеуден өткен «Арыс» орталық стадионында өткен жолдастық кездесудің бірінші бөлімінің 17-ші минутында «Мақтаарал» командасының шабуылшысы, премьер-лига ойындарының алғашқы голының авторы, 14 нөмірлі ойыншы Абылайхан Махамбетов есепті ашса, ойынның 20-шы минутында «Арыс» командасының ардагер ойыншысы Қайрат Рысбаев таразы басын теңестірді.
Кездесудің алғашқы минуттарынан қауіпті шабуылдар ұйымдастырған арыстықтардың әрекеті нәтижесіз болмады. Ойынның 23-ші минутында алаң иелері қонақтардың қақпасына екінші голды салып, есепті еселеді. Екінші голдың авторы 17-ші нөмірлі ойыншы Максим Козоренко болды. Осылайша ойынның бірінші бөлімі алаң иелерінің пайдасына шешіліп, 2:1 есебімен аяқталды.
Ойынның екінші бөлігінің тоғызыншы минутында толассыз шабуылдар ұйымдастырған «Мақтаарал» футбол клубының сұрмергені Абылайхан Махамбетов екінші голды қақпаға жолдаса, арыстық Әбілхайыр Абылай екінші бөлімнің үшінші минутында есепті 3:2-ге жеткізді.
Өзара тартысты өткен жолдастық кездесудің соңғы сәттерінде, яғни, ойынның аяқталуына төрт минут қалғанда Абылайхан Махамбетов алаң иелерінің қақпасына үшінші голды жолдап 3:3 есебімен ойын тең аяқталды.
Айта кетейік, бұған дейін де екі рет жолдастық кездесу өткізген «Арыс» пен «Мақтаарал» командалары алғашқы кездесулерін тең аяқтаса, екінші кездесу мақтааралдықтардың пайдасына шешілген.