Домой Әлеумет ТҮРКІСТАН: АДАЛДЫҚ — АРДЫҢ ІСІ

ТҮРКІСТАН: АДАЛДЫҚ — АРДЫҢ ІСІ

Сыбайлас жемқорлық – экономикалық дамуды тежеп, билік пен бұқара арасындағы сенімді сетінететін әлеуметтік құбылыс. Оның қоғамда белең алуы кез-келген мемлекеттің бәсекелестік қабілетін төмендетіп, ел болашағының жарқын болуына кері әсерін тигізеді.

Сондықтан, бүгінгі күні мемлекет саясаты кінәлілерді анықтап, олардың жауапкершілігін қараумен ғана шектелмейді. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындауына ықпал ететін себептерді анықтау арқылы қоғам індетінің алдын алуға айрықша басымдық беріп отыр.

Осыған орай, бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті мен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа орталық» республикалық қоғамдық бірлестігінің бірігіп ұйымдастыруымен Түркістан облысы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаметінің және басқармасының, сондай-ақ, Ұлттық сараптама орталығының Түркістан облысы бойынша филиалының қалалық бөлімшесінің қызметкерлерімен ашық кездесу өтті.

Келелі жиынның негізгі мақсаты – жең ұшынан жалғасқан әлемдік дерттің алдын алу, тұрмыстық жемқорлық көріністеріне жол бермеу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру.

Шара барысында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа орталық» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Т.Байгулов адалдық – ардың ісі екендігін тілге тиек етіп, жегі құрттай қаптаған жемқорлыққа тосқауыл болудың маңыздылығын жіті түсіндірді.

Кездесуде сөз алған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғ.Асанұлы парасаттылық, әділдік, сенім құндылықтарының қасиетін қазбалап, жиынға қатысушыларды еліміздің өркениет жолына қадам басуына кедергі келтіретін қоғам кеселімен бірге күресуге шақырды.

Сондай-ақ, қызмет бабын асыра пайдалана отырып, негізсіз әуре-сарсаңға және әкімшілік кедергілерге жол беруге, сондай-ақ сыйлық алуға және ұсынуға болмайтындығын алға тартты.

Шара соңында жиынға қатысушылар көкейде жүрген бірқатар сауалдарын қойып, ол бойынша нақты жауаптар алды.