Домой Әлеумет ТҮРКІСТАН: 13 ОҚУШЫ «ЕЛБАСЫ МЕДАЛІМЕН» МАРАПАТТАЛДЫ

ТҮРКІСТАН: 13 ОҚУШЫ «ЕЛБАСЫ МЕДАЛІМЕН» МАРАПАТТАЛДЫ

Түркістан қаласы білім ошақтарының оқушылары «Елбасы медалімен» марапатталды. Қала әкімі Рашид Аюпов Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры іске асырған «Ел үміті» жобасының жеңімпаздарын медаль, төсбелгі және алғыс хатпен марапаттады. Рашид Абатұлы өз сөзінде: «Маман мықты болса — мемлекет те мықты болады. Осы мақсатта, қаламызда қаншама нысандар салынып, ол жастарымыз үшін және жастардың болашағы үшін қаншама мүмкіндік болмақ. Сіздер өздеріңіздің мықты екендеріңізді таныттыңыздар. Алайда, осы деңгейде қалып қоймай, үнемі білімдеріңізді жетілдіріп, алға қарай адымдай берулеріңізді сұраймын», — дей келе, Елбасы медалін абыроймен тағып жүруге тілектес екендігін жеткізді.Айтулы жоба 2020 жылдың шілде айында даму бағдарламасын көздеген 7 бағыт бойынша бастау алған болатын. Олар: спорт, дарын мен дағды, кітап оқу, ұлттық мұра, еріктілік, саяхат пен жорықтар, еңбек тәжірибесі. Қатысушылар үш деңгейді таңдады: қола, күміс немесе алтын, олар 6 айдан 18 айға дейін әр бағыт бойынша белгілі бір қызметті орындауды көздедіЖалпы, жобаға 11 мыңнан астам қатысушы, 600 тәлімгер, 17 өңірлік үйлестіруші мен сарапшы тартылды. Жоба аясында қатысушылар спорттағы дайындығын жетілдірді, ұлттық мұраны зерттеді, әлемдік және қазақ әдебиетінің шығармаларымен танысты, еңбек практикасынан өтіп, елдің әр түкпіріне барып, Қазақстан тарихына үңілді және волонтерлік қызметте де белсенділік танытты. Бүгін, алты ай бойы өздерінің табандылығын танытып, шығармашылығын шыңдаған, жан-жақты ізденген жеңімпаз шәкірттер нәтижесін көрсетіп, оқ бойы оза шапты. Олардың қатарында Некрасов атындағы №9, Ататүрік атындағы №17, М.Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназияларының, Ж.Тәшенов атындағы №23 ІТ мектеп-лицейінің, Ж.Жабаев атындағы №11, Б.Момышұлы атындағы №22, Н.Төреқұлов атындағы №8 және Ә.Науаи атындағы №13 жалпы орта мектептерінің оқушылары бар.