Домой Әлеумет ӘРКІМ ӨЗ МҮМКІНДІГІН ТОЛЫҚ ПАЙДАЛАНУЫ КЕРЕК

ӘРКІМ ӨЗ МҮМКІНДІГІН ТОЛЫҚ ПАЙДАЛАНУЫ КЕРЕК

Мен қасиетті Түркістан қаласында туып-өстім. Еңбек жолымда осы туған мекенімді дамыту үшін сан алуан жұмыстарға араласып келемін. Бұл бағыттағы жұмыстарым бұқаралық ақпарат құралдарында және жергілікті билік қабырғасында жүргізілді. Бүгінгі таңда қалалық «Түркістан» газетінің басшысымын. Тәуекел деп Елбасының бастамасымен халық қолдауына ие болған праймериз яғни, «Nur Otan» партиясы ішіндегі сайлауға қатысып, Түркістан қалалық мәслихатының депутаттығына бағымды сынап отырмын.

Өз бағдарламамда көрсетілген мемлекеттің халыққа бағытталған мүмкіндіктерін газет бетінде үзбей жариялап келеміз. Сонымен бірге, газеттің көпшілікке қолжетімділігін арттыру мақсатында әлеуметтік желілерде парақшалар ашып, арнайы сайтын іске қостық. Бұны айтып отырған себебім, әрбір азамат шынайы ақпаратқа жүгініп, өзіне тиесілі мүмкіндікті толық пайдалансын деген мақсаттан туындап отыр. ​

Әрбір түркістандық азамат өзіне тиесілі мүмкіндікті толық пайдалануы тиіс. Қазақстан Республикасының кез-келген азаматы мемлекетіміздің шынайы қамқорлығында. Бірақ, солай бола тұра кейбіріміз көздеген мақсаттарымызға қол жеткізе алмай жүргеніміз жасырын емес. Кей жағдайларда өзіміз жасауға тиіс қарапайым ғана мәселелерге бөтен адамадарды араластырып жатамыз. Мәселен, азаматтарға арналған үкімет қызметін және өзге де мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтерді алу үшін біреудің көмегіне жүгінеміз. Сонан соң оның қызметіне ақы төлейміз. Шын мәнінде бүгінгі таңда кез-келген адамның қолында байланыс телефоны немесе көптеген отбасыларда компьютерлер бар. Сол арқылы үйде отырып-ақ мемлекет қызметін пайдалана беруімізге болады. Түсінбесеңіз, сізге үйрететін арнайы роликтер бар. Осы арқылы уақыт үнемдейміз, жұмысымыздың тиімділігін арттырамыз, біреудің көмегіне жүгінбейміз және ең маңыздысы жүйкемізді тоздырмаймыз. Әлеуметтік мәселелердің кейбірі осындай жағдайлардан туындап жататынын естен шығармауымыз керек.

Түркістан қаласында қандай өнімдер шығарылады десе есіңізге не түседі. Жоқ емес әрине, бар. Бірақ, аз. Осындай өндірістерді жүргізуге бізде мүмкіндік мол. Мемлекеттің кәсіпкерлікті қолдауға арналған түрлі бағыттағы жеңілдіктері бар. Төмен пайызбен несиелер, мемлекет тарапынан кепілдендіру, қайтарымсыз гранттар, мүліктік жеңілдіктер секілді қолдаулар аз емес. Оның үстіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ел халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында өндіріске, кәсіпкерлікті өркендетуге ерекше мән беріп отырғанын білесіздер. Қазіргі таңда Түркістан қаласында өндіріс ашамын, жаңа жобаларды қолға аламын деген азаматтар үшін индустриалды аймақ бар. Ол жерде электр қуаты, жол, су секілді инфрақұрылым толықтай қамтамасыз етілген. Тек қана сол аймақтан жеріңізді алып, кәсібіңізді жүргізуге күш салсаңыз болды.

Осы тектес жыл сайын жаңа жобаларды қаржыландыруға арналған мемлекеттік гранттар конкурсы өтеді. Өткен жылы конкурстық комиссияның мүшесі ретінде қатысып, жас кәсіпкерлердің көптеген жаңа бизнес жобаларымен таныстым. Мемлекеттік грантқа ие бола алмаған кей жобалар, әлеуетті жеке кәсіпкерлердің қаржылай қолдауына ие болып біріккен жобалар пайда болды. Сондықтан біз, қандай іс жасасақ та тәуекелге бел байлап, мол ізденіс жасауымыз керек. Егер біз өзіміздің мүмкіндіктерімізді іске асыру үшін табандылық танытсақ, елімізде оның ішінде қаламызда тұрақты жұмыс орындарының қатары артып, халықтың көңіл-күйі тоқ болар еді. Менің мақсатым – әрбір азамат өз мүмкіндігін тиімді пайдалануы керек. Осы жолда қолымнан келгенше тұрғындарға қолдау көрсетіп және осы күнге дейінгі қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларға сондай-ақ, алдағы уақытта да халық игілігіне арналған жеңілдіктерге өз ісін дамытамын деген азаматтардың қолжетімділігін арттыруға өз үлесімді қосамын. ​ ​ ​

Түркістан қалалық

мәслихатына үміткер,Мәлік ДӘУЛЕТОВ