Домой Әлеумет ОТАНЫМЫЗДЫҢ ЖҮРЕГІ, ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІҢ ТІРЕГІ

ОТАНЫМЫЗДЫҢ ЖҮРЕГІ, ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІҢ ТІРЕГІ


Барлық ұлы сапарлар арманға қарай жасалған қадамдардан басталады.
Ұлт Көшбасшысы — Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев түрлі кедергілер мен күдіктерге қарамастан, мемлекеттің маржанына айналатын қала тұрғызу арманын жүзеге асырды.
Тәуелсіздік алғалы Қазақстанның халықаралық мәртебесі елордасы – Нұр-Сұлтан қаласының даңқы арқылы да өсіп келеді.
Егеменді еліміздің елордасын құру бастамасын Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлемдік тәжірибеге сүйене отырып көтерген еді.
Өйткені ұлттық мемлекеттердің астананы көшіру арқылы дамудың жаңа деңгейіне көтерілу мысалдары аз емес.
Ал Қазақстан ТМД елдерінің ішінде мұндай жобаны жүзеге асыру қолынан келген жалғыз мемлекет болды.
Бас қаланы көтеру Қазақстан Республикасы мен оның азаматтарының экономикалық, саяси, әлеуметтік және рухани әлеуетін көрсеткен кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістіктегі орасан зор мегажобаға айналды.
Ел астанасын көшірудің он жылдығына арналған салтанатты жиналыста Н.Ә. Назарбаев былай деп еске алды: «Өткен күнде белгі жоқ, ол кезде жағдай мүлде басқаша болатын. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі реформаларды анықтау, оларды тиянақты түрде жүзеге асыру мәселелері, біріншіден, қапысыз біліктілікті, екіншіден, нартәуекелді қажет етті. Тәуелсіздік туы көгімізде желбіреген күннен бастап, Қазақстан үшін жаңа тарихтың басталғаны, ал ол ескі тарихтың сылбыр жалғасы бола алмайтыны белгілі еді. Батыл ой, батыл әрекет қажет болды. Міне, осы тұста өзімнің көкірегімде қайнап піскен осы идеяны, ешбір кедергіге қарамастан, кейбір үзеңгілес, тілектес жандардың да күдіктеріне қарамастан аяғына дейін қорғап шыққанымды сіздердің алдарыңызда бүгін мақтанышпен еске аламын», деген болатын.
Шынында да сол кезде бұл жобаға сенім артқандардан бұрын, күмәнмен қараушылар қатары аз болмады. Дегенмен арада көп уақыт өтпей-ақ аталмыш бастама өз өміршеңдігін нақты дәлелдеді.
Сөйтіп қысқа мерзім ішінде бой көтерген Ел ордасы — бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан Республикасының қарқынды дамуының, болашаққа деген ұмтылысының бейнесіне айналды.
Нәтижесінде бұл қадам мемлекетіміздегі ұлттық қауіпсіздікті нығайтты және Нұр-Сұлтанның ғана емес, бүкіл Қазақстанның экономикалық дамуына қуатты серпін болды.
Қала экономикасының даму қарқынының жоғарылығы инвесторларды көп тартуға әсер етті.
Бүгінгі күні елордамыз Батыс пен Шығыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің мәдени дәстүрлерін жарасымды тоғыстырған үйлесімділікпен ерекшеленетін еуразиялық қалаға айналды.
Қорыта айтқанда, елордамыз ауылы мен қаласы қатар өскен — қуатты Қазақстанның төлсипатына айналды!
Бүгінде Қазақстан кемел ел, ынтымағы жарасқан мемлекет ретінде өзін таныта да, мойындата да білді.
Н.Назарбаев уақытын безбендеп, заманын таныған, болашақты болжаған ірі саясаткер.
Ол — Қазақстанды жаңа Тәуелсіз, бейбіт мемлекет ретінде әлемге танытуда зор рөл атқарды.
Ұлтаралық татулық пен дінаралық келісімнің, бейбітшілік пен береке-бірліктің қаласы Нұр-Сұлтан жарқырай жайнап, Отанымыздың жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі ретінде жасай берсін!

Б.Букебаев, Түркістан қаласы әкімдігі,
«Ішкі саясат бөлімі» ММ-нің басшысы.