Домой Әлеумет «NUR OTAN»: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ САЙЛАУАЛДЫ ШТАБЫ САЙРАМ АУДАНЫНДА ЕЛМЕН КЕЗДЕСТІ

«NUR OTAN»: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ САЙЛАУАЛДЫ ШТАБЫ САЙРАМ АУДАНЫНДА ЕЛМЕН КЕЗДЕСТІ


Бүгін «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихат үміткері Бейсен Тәжібаев бастаған облыстық сайлауалды штаб мүшелері Сайрам ауданына жұмыс сапарымен барды. Ондағы мақсат – аудандағы проблемалық түйткілдерді талқылап, аудан тұрғындарына партияның сайлауалды бағдарламасын түсіндіру болатын. Сонымен бірге облыстық мәслихатқа үміткер Бекасыл Төлендиев пен аудандық мәслихатқа үміткер азаматтар ауданда атқарылатын жұмыстарды саралады.
Облыстық штаб мүшелері ең алдымен Сайрам ауданы, Ақсу ауылы Қарабұлақ тасжолы бойында орналасқан «АХБК» тігін фабрикасының еңбек ұжымымен кездесті. Кәсіпорында арнайы формалар, әскери киімдер, төсек-орын бұйымдары тігіледі. Шағын кәсіпорын жылына 1 млн. дана киім-кешек пен төсек орын бұйымдарын шығаруға қауқарлы. Шикізат негізінен Ресей, Түркия елдерінен тасымалданады. Бүгінде кәсіпорын өнімдері негізінен ішкі нарықты қамтамасыз етіп отыр.
Кездесу диалог форматында өтті. Кәсіпорын жұмысымен танысып шыққан штаб мүшелері кәсіпорын қызметкерлеріне «Nur Otan» партиясының 5 жылдық сайлауалды бағдарламасын түсіндіріп берді. Сондай-ақ олар алдағы 5 жылда шағын және орта кәсіп өкілдеріне мемлекет тарапынан жасалынатын қамқорлықтарды да тілге тиек етті.
«Сайрам ауданының әлеуеті өте зор. Мұнда 200 мыңнан астам тұрғын бар. Халқы еңбекқор. Әсіресе, мал шаруашылығы жақсы дамыған. Мал бордақылау, ет экспорттау салалары көш ілгері дамып келеді. Ендігі мақсат– қайта өңдеу салаларын дамыту. Соның ішінде міне, сіздер тігін фабрикасын ашып, қаншама адамды жұмыспен қамтып отырсыздар. Алдағы 5 жылда «Nur Otan» партиясы өңіріміздегі шағын және орта бизнес өкілдерін оқытатын орталықтар ашып, қаржыландыру институттардың жұмысын күшейтуді көздеп отыр. Осы мақсатта алдағы жылдары мемлекеттен қыруар қаржы бөлінетін болады. Мұндай игілікті істердің басы-қасында билік партиясы жүргенін жақсы білесіздер. Сондықтан алдағы 10 қаңтар күнгі сайлауда баршаңызды белсенді қатысып, «Nur Otan» партиясына дауыс беруге шақырамын», – деді Бейсен Дәулетұлы.
Мұнан соң штаб мүшелері Ақсу ауылында орналасқан тәулігіне 300 тонна бидай өңдейтін “АСЫЛ LTD» ЖШС-не атбасын бұрды. 2002 жылы іске қосылған бұл дирменнен «ШАХ-777» маркалы бидай ұны шығарылады. Диірменде бүгінгі таңда 48 адам еңбек етеді.
Диірмен жұмысшыларымен кездесу барысында штаб мүшелері аудандағы ауыл шаруашылығы саласында алдағы 5 жылда атқарылатын жоба-жоспарларды баяндады. Жұмысшылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Облыстық сайлауалды штаб мүшелері Қайнарбұлақ ауыл округінің тұрғындарымен де кездесті. Еркін форматта өткен жүздесуде әлеуметтік төлемдер, жұмыссыздықты жою, ауыз су сапасын жақсарту, ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау секілді түйінді түйткілдер туралы тұрғандардың сауалдарына жауап берді.
Атап өтейік, «Nur Otan» партиясының Сайрам ауданы бойынша сайлау алды бағдарламасында аудан дамуының жеті басымдығы айқындалған.
Аталған бағыттар бойынша алдағы бес жылда халықтың әл-ауқатын көтеру үшін айтарлықтай жұмыстар атқарылады. Сайрам ауданында экономикалық тұрақты аудан бағыты бойынша 2025 жылға қарай 2,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, орташа жалақы 155 мың теңгеге жетеді, жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ға төмендейді.
2025 жылға дейін кезектегі 300 отбасы, оның ішінде жастар мен әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар мен аса қамқорлықты қажет ететін отбасылар тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.
2025 жылға қарай жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,4%-ға дейін төмендеп, 5 мың жұмыссыз жас жұмысқа орналасады.
Аудан 100% газбен және таза ауыз сумен қамтылады.

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

«Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық Сайлау қорының қаражатынан төленді