Домой Әлеумет «NUR OTAN»: АРЫСТЫҚТАР ПАРТИЯ ЖҰМЫСЫН ОҢ БАҒАЛАДЫ

«NUR OTAN»: АРЫСТЫҚТАР ПАРТИЯ ЖҰМЫСЫН ОҢ БАҒАЛАДЫ


2021 жылдың 19 сәуір күні санитарлық талаптарды сақтай отырып, «Nur Otan» партиясы Арыс қалалық филиал жанынан құрылған бастауыш партия ұйымдарының есеп беру және сайлау жиналыстары өтті. Жиында бастауыш партия ұйымдарының 2019-2020 жылдары атқарған жұмыстары сараланып, бастауыш партия ұйымының төрағалары сайланып, Арыс қалалық партия филиалының ХLI (41) конференциясына делегаттар сайланды.
Жиналыстар «Шөгірлі», «Байырқұм», «С.Қожанов», «Б.Момышұлы» бастауыш партия ұйымдарында өтті. «Nur Otan» партиясы Арыс қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Саяси кеңесі Бюро мүшесі Б.Ділдабеков «Биыл сайлауда партиямыз лайықты жеңіске қол жеткізді. Сайлауалды бағдарлама қабылданып, жол картасы бекітілді. Бүгінде партия фракциясының депутаттары тұрақты түрде қоғамдық қабылдау өткізіп, елдің талап-тілектері мен өтініштерін орындауға күш салып жатыр. Сайлауалды бағдарламаны орындау бойынша жұмыс жалғаса береді. Бастауыш партия ұйымдарынан сайланған делегаттар қалалық конференцияға қатысады» – деді.
Бастауыш партия ұйымының төрағалары, Елбасы тапсырмасымен партияда болған өзгерістермен тың бастамаларды жоғары бағалап, бұл бағытта тиісті жұмыс жүргізілгенін айтып өтті.
Елімізде төтенше жағдай жарияланғанда «Nur Otan» партиясы аз қамтылған отбасыларға да баса назар аударып, демеушілер тауып, қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырды.
Жарыс сөзге шыққан И. Журба мектебінің партиялық топ жетекшісі Ә. Жүніс еліміздегі игі істер партияның басшылығымен жүзеге асып жатқанын, партияның сайлауалды бағдарламасын қолдайтынын айтты. Б.Момышұлы мектебінің партия белсендісі А.Нұрғалиева «Арыс қаласында жарылыс болып, төтенше жағдай орын алғанда «Nur Otan» партияның қолдауын ерекше сезіндік. Пандемия кезінде «Birgemiz» қорынан Арыс халқына қаржылай және азық-түлікпен көмек көрсетті», — деді. Бүгінде Арыс қаласы бойынша «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» бағдарламасын орындау бағытында жұмыстар қарқынды жүзеге асырылуда. Әрбір бағыттың орындалуы партияның бақылауына алынған.
Сонымен бірге Арыс қаласындағы «Стадион» бастауыш партия ұйымында да жиналыс өткізіліп, күн тәртібіндегі мәселелер қаралды. Оған Арыс қалалық мәслихатының хатшысы Амантай Байтанаев пен «Nur Otan» партиясы Арыс қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Арыс қалалық Саяси кеңесінің мүшесі Бақтығали Ділдәбеков қатысты. «Стадион» бастауыш партия ұйымының 2019-2020 жылдары атқарған жұмысының есебі тыңдалып, БПҰ бюросы мен төрағасы сайланды. Сондай-ақ аумақтық партия филиалының конференциясына делегаттар іріктелді.