Домой Әлеумет «ҮМІТ КЕРУЕНІ» ФЕСТИВАЛІНІҢ ШЫМЫЛДЫҒЫ ТҮЛКІБАСТА ТҮРІЛДІ

«ҮМІТ КЕРУЕНІ» ФЕСТИВАЛІНІҢ ШЫМЫЛДЫҒЫ ТҮЛКІБАСТА ТҮРІЛДІ


Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау мақсатында аудандық орталық кітапхананың көзі көрмейтін жəне əлсіз көретін азаматтарға арналған бөлімі мен Ə.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің ұйытқы болуымен жəне «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының əлеуметтік бағдарламалар бөлімі қызметкерлерінің қолдауымен ерекше бағыттағы «Үміт керуені» өнер фестивалі болып өтті. Іс-шара Елбасымыз Н.Ə.Назарбаевтың «Жүз нақты қадам» ұлт жоспары мен «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылды. Өнер фестивальін аудандық əлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қаратаев Ерден ашып берді. Ақ жарма тілектерін жеткізу үшін сахна төріне Шымкент қалалық көзі көрмейтін жəне əлсіз көретін азаматтарға арналған кітапхана қызметкері Ербек Бəкиев, Академик Ə. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің гуманитарлы -педогогикалық факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты Жанна Ботабаева шығып, өнерлі жастардың баршасына сəттілік тіледі. Облыстың әр аумағынан арнайы осы жиын үшін келген қонақтар санында шек жоқ, талантты балалар да жетерлік. Аудандық мүгедек балаларды оңалту орталығының тəрбиеленушілерінен құралған өнерпаздар көрермендерді өнерлерімен тәнті етіп, өмірге деген көзқарасымызды өзгерткендей әсер қалдырды. Тәтті бүлдіршіндердің тағдыр ауырпалығына қарсы тұрып, өзгелерде жоқ қажыр-қайратының болуы шынымен де, үлкен батырлық, өмірге деген ерекше махаббатының белгісі. Мың бұралып билеп, әуелетіп ән шырқап, қоңыр домбыраның үнімен сызылта күй орындау нағыз батылдық. Ал, өнерлі тағдырластарын қолдау үшін арнайы Отырардан келген қонақ — Тұрсынай Қайратқызының орындаған әні мен жүрекжарды лебізі көпті сүйсінтті, таңдандырды. Тұрсынай Қайратқызы «Тұманды жарған ай» кітабының авторы. Мың рет құлап, мың рет тұрған батыр қыздың өмірі мен өжеттілігі баршаға үлгі екені даусыз.
Фестиваль соңы толассыз тілектермен қатар шексіз ризашылықтар жеткізумен аяқталды. «Үміт керуенінің» жолы тоқтамасын деген ниеттегі жандар, бұл фестивальдің дәстүрлі іс-шаралар қатарынан табылатынына сенім білдірді.