Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қала басшысы Рашид Аюпов пен жауапты сала жетекшілерімен бірге ірі құрылыс алаңындарын аралап, жауаптыларға бірқатар тапсырмалар берді. Шаһардағы 15 нысанның құрылысы биыл толық аяқталып, пайдаланымға беріледі деп жоспарлануда. Барлық құрылыс алаңдарында санитарлық шаралар күшейтілген. Алғашқылардың бірі болып, алдағы мамыр айында Тұңғыш Президент саябағы мен орталық аллеядағы жұмыстар аяқталады. «Әзірет Сұлтан тарихи-мәдени қорық-музейіні» аумағы абаттандырылады.
Айта кету керек, Түркістан қаласындағы жаңа ғимараттардың құрылысына өңірлер, ұлттық компаниялар және инвесторлар атсалысуда. Қаланың әкімшілік-іскерлік және рухани-мәдени орталықтарында Басқармалар ғимараты, департаменттер ғимараты, «Конгресс орталығы», «Нұр-Сұлтан алаңы», оқушылар сарайы, стадион, цифрлық кеңсе, бассейні бар спорт кешені, смарт сити байланыс желілері, қалалық саябақ, «Драма театр», «Ғылыми-әмбебап кітапхана», «Ұлы Дала Елі орталығы», «Қ.А.Ясауи мұражайы» бой көтерген.
Әкімшілік-іскерлік орталығында 7 инженерлік инфрақұрылым нысандарының су, кәріз, электр, газ, жылу жүйесі мен жол және абаттандыру құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Сонымен қатар «Rixos Turkestan», «Hampton by Hilton», «Нұр-әлем» қонақ үйлері мен «Әкімшілік ғимаратын қонақ үй етіп қайта құру», «Керуен Сарай» және 5000 орындық жаңа мешіттің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ондағы жұмыс барысын бақылап, жұмысшылармен тілдескен Өмірзақ Шөкеев жауаптыларға жұмысты күшейтуді тапсырды. Мердігерлерге қосымша жұмыс күшін тартуды міндеттеді.
«Құрылыс барысында ешқандай кемшілікке орын жоқ. Талап күшейтіледі. Жұмыскерлер саны жұмысқа тұсау болмасын. Қажет болған жағдайда олардың санын арттыру керек. Қосымша жұмыс күшін тартыңдар. Қауіпсіздік ережелері дұрыс сақталып, сақтық шаралары қатаң бақылансын. Құрылыстың сапалы аяқталуын, мерзімінде тапсыруды қадағалаймыз. Құрылыс материалдары тапшылығы орын алса, тасымалдау жағына көмек қолын созамыз. Қазіргі төтенше жағдай кезінде қосымша қиындықтар орын алса, кезек күттірмей шешуге атсалысамыз»,-деді облыс әкімі.
Өмірзақ Естайұлы қаладағы тұрғын үй құрылысындағы жұмыстарды да тексерді. Әкімшілік-іскерлік орталығында 7 қабатты 24 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. 92,8 мың ш.м, 1452 пәтерлі жаңа баспаналар заманауи талаптарға сәйкес бой көтерген. Сонымен қатар, 5157 пәтерлі 5-7-9-12 қабатты 73 тұрғын үйдің құрылысын басталды. Жыл қорытындысымен Түркістан қаласында 420 пәтерлі 9 тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспарланған. Тұрғын үйлердің құрылыс барысын қатаң бақылауға алынды. Жеке салушылар арқылы 5 және 12 қабатты 54 тұрғын үйлердің құрылысын жүргізу жоспарлануда.
Домой Басты жаңалықтар ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ МЕРДІГЕРЛЕРГЕ ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҚҰРЫЛЫСҚА ҚОСЫМША ЖҰМЫС КҮШІН ТАРТУДЫ ТАПСЫРДЫ