Домой Әлеумет Мейіржан Мырзалиев: «БІРЛІГІ БЕКЕМ ЕЛ БӘРІН ЖЕҢЕДІ»

Мейіржан Мырзалиев: «БІРЛІГІ БЕКЕМ ЕЛ БӘРІН ЖЕҢЕДІ»

  1. Ағымдағы жылдың мамыр айында Мақтаарал ауданында су тасқыны орын алып, айтарлықтай тұрғындар зардап шеккені белгілі. Халыққа көмек ретінде бірінші кезекте қандай шаралар қабылданды?

Өздеріңізге белгілі, су тасқынынан 5 елді мекен — Жеңіс, Жанатұрмыс, Фирдоуси, Өргебас, Достық елді мекендері зардап шекті. Ең алдымен, шұғыл түрде Мақтаарал ауданында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, жедел штаб құрылды.
Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін бастапқыда 986 адам, 10 дана жүзу құрылғысы, 180 дана техника жұмылдырылды. Бірнеше күннен кейін төтенше жағдаймен күресуге қосымша күш тартыла басталды. Көрші аудан тұрғындары, төтенше жағдай басқармасының мамандары, әкімдік өкілдері – барлығының бірлескен күшімен 31 мыңға жуық тұрғындар дер кезінде қауіпсіз аймаққа көшірілді.
Осы орайда халқымыздың ынтымақ бірлігін ерекше атап өткім келеді. «Бірлігі бекем ел бәрін жеңеді» демекші, бұл сынақ халқымыздың біртұтас ел екендігінің айқын дәлелі болды. Еліміздің барлық аумағынан осындай қиын-қыстау кезеңде Мақтаарал ауданына көмек ретінде 760 тоннадан астам азық түліктер, басқа да тұрмыстық заттар жолданды. Осындай көмек атап айтқанда, «NurOtan» партиясының Елбасы бастамасы мен республикалық деңгейде жарияланған «Бізбіргеміз» акциясы, жастар мен еріктілердің бастамасы негізінде құрылған «Біргеміз, Мақтаарал!» еріктілер штабы, «Салиқалыұрпақ» қоғамдық қоры, облыс журналистері, кәсіпкерлер, қоғам белсенділері тарапынан көрсетілді.
Басына қиын іс түскен бірде-бір адам қамқорлықсыз қалмады.

  1. Тұрғындардың барлық шығындары өтелді ме?

Әрине, мүмкіндігінше барлық шығындар өтелді және өтелінуде, деп айта аламын. Мемлекет басшысының тапсырмасымен су басқан елді мекендердің 6214 тұрғынына 100 мың теңгеден қаржы аударылды. Көрші Өзбекстан халқы да қарап жатпады. Кәсіпкер Алишер Усмановтың қоры есебінен әр отбасыға 1000 АҚШ долларынан берілді.
Жеңіс, Достық және Жаңатұрмыс ауылдарының жалпы 329 отбасына Мырзакент кентінен 70 га жер телімі бөлініп, жаңа мөлтек аудан салынуда.
Ал, Фирдоуси және Өргебас ауылдары тұрғындары үйлері сол елді мекендерде қайта қалпына келтірілуде.
Фирдауси елді мекенінде тасқын су салдарынан 314 тұрғын үй зардап шеккен. Қалпына келтіру мақсатында, тұрғындардың сұраныстарын ескере отырып, әрбір тұрғын үйге 17 млн.теңгеден өтемақы кезең-кезеңімен берілуде. Қазіргі таңда жалпы 2,8 млрд. теңгеден астам қаржы берілді.
Қаржының қалған бөліктері тұрғын үй құрылысының жүргізілу ретіне қарай аударылатын болады.
Бір ерекшелігі, барлық тұрғын үйлердің құрылысын жергілікті тұрғындар өздері жүргізуде. Яғни өздері қалаған жобамен заманауи үлгідегі үйлерін салуда.
Дәл осындай көмек Өргебас елді мекенінің тұрғындарына да көрсетілуде. Бұл елді мекенде тасқын су салдарынан 195 тұрғын үй зардап шеккен. Қазіргі таңда өтемақы ретінде 1,8 млрд. теңгеден астам қаржы берілді.

  1. Инфрақұрылым қалай қалпына келтірілуде?

Фирдауси елді мекенінде ауыз су жүйелерін қайта құру жұмыстары аяқталды, 13 шақырымға жуық құрайтын 13 көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Елді мекендегі 600 орындық мектептің құрылысына қазіргі таңда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Ал, Өргебас елді мекенінде ауыз су жүйелерін ағымдағы жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды.
Елді мекендердің 5 шақырымға жуық құрайтын 4 көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары, дәрігерлік амбулатория мен полициялық тірек пунктерінің құрылыс жұмыстары басталды.

  1. Биылғы оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Зардап шеккен елді мекендердегі мектеп жасындағы балалардың білім алу жағы не болмақ?

Зардап шеккен Жеңіс, Жанатұрмыс, Достық елді мекендерінде мектеп жасындағы 461 оқушы бар. Оқушылардың білім алуы үшін, жаңа мөлтек аудандағы мектептің құрылысы біткенше, Мырзакент кентінен уақытша арнайы мектеп ғимараты бөлінген. Тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, оқушылар мен мұғалімдерге барлық жағдайлар жасалынған.
Фирдоуси, Өргебас елді мекендеріндегі мектеп ғимараттарында толығымен қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді, олар жаңа оқу жылына толығымен дайын.
Су басқан ауыл мектептеріне демеушілер тарапынан 136 ноутбуктер және 110 планшеттер берілді. Қазақстан Республикасы Үкіметі резервінен 4095 дана компьютерлік құралдар бөлінді. Жазғы лагерьлермен 3522 оқушы қамтылды. Бір сөзбен айтқанда, әрбір баланың білім алуына талапқа сай барлық жағдайлар жасалынды.

  1. Жаңа мөлтек аудан құру шешімін кім қабылдады? Тұрғындардың сұранысы ма әлде үкіметтің өз бетінше шешімі болды ма?

Әрине, бұл шешім халықтың мүдделері мен сұраныстарын ескере отырып Мемлекет басшысы тарапынан қабылданды. Біз бүгінгі таңда осы тапсырманы жүзеге асыру мақсатында қарқынды жұмыстар жүргізудеміз.
Осы орайда, марқұм әріптесім Қосман Қайыртайұлының Мақтаарал ауданын қалпына келтіру бойынша атқарған ауқымды жұмыстарын ерекше атап өткім келеді. Әсіресе, жаңа мөлтек аудан құрылысының басталуында бас-қас болып, зардап шеккен тұрғындардың ауыр күнінде демеу бола алды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Мақтаарал ауданындағы іс-сапары барысында тұрғындар Қосман Қайыртайұлының құрметіне Мақтарал көшелерінің бірін атауды ұсынды және Президент бұл ұсынысты өте орынды санап, мақұлдады.
Осындай кісінің бастаған жұмысын лайықты жалғастыру үшін бар күшімді салатын боламын.

  1. Жаңа мөлтек ауданда халық үшін қандай жағдай жасалынуда? Үй құрылыстарының сапасы талапқа қаншалықты жауап бере алады?

Тұрғындардың демалуы мен салауатты өмір салтын ұстану үшін көлемі 5.5 га саябақ пен 2 спорт алаңшаларының құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, жаңа мөлтек ауданда 1200 орындық мектеп, 280 орындық балабақша, дәрігерлік амбулатория, полициялық тірек пункті құрылысы басталды.
Жалпы, барлық инженерлік инфрақұрылымдардың жұмыстары қатар жүргізілуде. Жаңа мөлтек ауданға 13,3 шақырым газбен жабдықтау жүйесі,24,4 шақырым электрмен жабдықтау, 25,4 шақырым байланыс желісі, 8,2 шақырым ауыз су жүйелері және 12,7 шақырым кәріз жүйелерінің құрылысы, 9 шақырым автомобиль жолдарын құру жұмыстары жалғасуда.
Ал, тұрғын үй және барлық нысандар құрылысының сапасы облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы тарапынан қатаң бақылауға алынған. Сондай-ақ, біздің команда Мақтаарал ауданындағы барлық құрылыс нысандарын мониторинг жасаудың цифрлық форматын енгізді.

  1. Тұрғындар қашан қоныс тойын тойлайды деп айта аласыз?

Жаңа мөлтек ауданда 386 тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Бұл кезекте, 196 тұрғын үй Үкімет резерві есебінен, қалған 190 үй «Біз Біргеміз», «Салиқалы ұрпақ», «Верный капитал» сияқты жеке Қорлардың демеушілігімен жүргізілуде.
Бүгінгі күнге жалпы 180-нен астам тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Қалған үйлердің құрылысы қазан айына дейін толық аяқталатын болады.
Құрылыс жұмыстарын жеделдету үшін құрылысшылар тәулік бойы жұмыс жасауда. Оларға жағдай жасау мақсатында аудан бойынша жарық қосылды.
Тұрғындарға өз үйлерінің кілтін барынша тезірек тапсыру үшін қолдан келгенше тырысып бағудамыз. Біздің іс-әрекеттеріміз жақын күндерде нәтиже көрсететіне сенімдімін.

  1. Өзіңізге белгілі, мақтааралдықтар негізінен шаруа қожалығымен айналасқан. Диқандар, сондай-ақ, кәсіпкерлерге қандай көмек көрсетілді?

Мақтаарал ауданында су басқан аумақтың жалпы көлемі 175 км2 аумақты құрап, 515 млн.м3 су ағылды. Нәтижесінде 5700 га жуық егістік алқаптары зардап шекті. Барлық зардап шеккен агроқұрылымдарға 1,142 млрд теңге өтемақы берілді.
Төтенше жағдай кезінде үй жануарларынан айрылған азаматтарға мал шығыны толығымен төленді. Топан су басқанда жалпы аудандағы 22 отбасы 144 бас малынан ажырап, шығынданған болатын. «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік қоры арқылы түйеге 300 мың теңгеден 1,5 млн. теңгеге дейін, жылқыға 160 мыңнан 380 мың теңгеге, сиырға 110 мыңнан 220 мың теңгеге, ұсақмалға 25 мыңнан 45 мың теңгеге, үйқұсына 2000 теңгеге дейін өтемақы берілді.

  1. Қалай ойлайсыз, осындай ауыр жағдай салдарынан толық арылып, тұрғындар бұрынғы өмір қалпына түсе ала ма? Бұл үшін қанша уақыт талып етіледі?

Әрине, ешқандай қиындық ізсіз жойылып кетпейді, алайда кез-келген дағдарыс даму мүмкіндігін береді. Ойымша, тұрғындар бұрынғы өмір қалпына түсіп қана қоймай, олардың тұрмыстық жағдайы бұрынғыдан да әлде қайда жақсара түсуіне барлық алғышарттар жасалынды.
Бүгінде, Мақтаарал өңірі алып құрылыс алаңына айналған. Заманауи үлгідегі мектеп, бала бақша, тұрғын үйлер салынуда. Бұл жергілікті тұрғындарға қосымша табыс көзін ашып, халықтың әл-ауқатын көтеруге мультипликативті әсерін тигізді. Әрбір үйден құрылыс ұстасы шықты. Өңірге бас аяғы 3 айдың ішінде бұрын-соңды болмаған 30 млрд.теңгеден астам инвестиция құйылды. Мыңдаған адамдар жұмыспен қамтылды. Қиындық кетті, сәтті күн туды, жақсылық келді деген осы болса керек.

  1. Жалпы үстіміздегі жыл халқымызга бір сынақ болып келген сияқты. Мақтаарал ауданын су басқаннан кейін артынша төлебиліктер табиғи апат салдарынан зардап шекті. Білуімше, ол жерде де ауданды қалпына келтіру жұмыстары сізге сеніп тапсырылды. Атқарылған жұмыстарды сіздің инстаграм парақшаңыздан көріп отырамыз. Алайда, қазіргі таңдағы Төле би ауданындағы жағдай туралы да қысқаша айтып өтсеңіз.

Ия, дұрыс айтасыз. Бірақ, халқымыз бұл сынақтардан лайықты түрде өтіп жатыр деп айта аламын. Мен инстаграм парақшамда жүргізіліп жатқан жұмыстарды барынша ашық көрсетуге тырысамын және барынша тұрғындармен ашық диалог орнатуға әрекет жасаймын. Өйткені, халқымыздың көкейіндегі сұрақтар әр қашанда жауапсыз қалмауы тиіс. Мен «Ашық әкімдік» дегенді осылай түсінемін.
Ал, Төле би ауданында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталатын болсам, ол жерде де аз жұмыс атқарылған жоқ. Карантинде құрылысшылар тынбай еңбек етіп, аабарлық жұмыстарды соңына жеткізуде. Қалпына келтіру жұмыстары облыс әкімінің толық бақылауында.
Үйлердің барлығы дерлік салынып бітті, жақында тұрғындар жаңа үйлеріне көшеді. Жалпы саны 42 отбасы қоныс тойын тойламақ. Ең бастысы, баспананың сапасы мен ішкі – сыртқы келбеті тұрғындардың көңілінен шығуда. Газ, су, жарық барлығы дерлік қосылған. Күздің таяғанын ескеріп жылуды да бірден қолжетімді еттік. Сондай-ақ Evrika сауда үйі 10 дана газплитасын тұрғындарға тарту етті.
Халқымыздың бауырмалдығы және жомарттығын әрқашан да ерекше атап өткен жөн. Бауырларын қиын күнде жалғыз қалдырмайтын, басына келген сынақты бірге жеңетін қазақ халқының арасында мақтааралдықтарға да демеушілік жасап, қолдан келген көмегін көрсетіп жатқан кәсіпкерлеріміз аз емес. Солардың бірі, еліміздегі белгілі бренд «Астана моторс» компаниясы Мақтаарал ауданындағы су басқан Өргебас және Фирдауси ауылының тұрғындарына жалпы сомасы 50,5 миллион теңгені құрайтын 426 жинақталған үй жиһаздарын сыйға тартты.
Осы сәтті ескере отырып, облысымыздың аудандарында орын алған төтенше жағдай кезінде атсалысқан барша азаматтарға алғысымды білдіргім келеді.