Домой Басты жаңалықтар ҰЛТ ҚАСІРЕТІ – ҰРПАҚ ЖАДЫНДА

ҰЛТ ҚАСІРЕТІ – ҰРПАҚ ЖАДЫНДА

Бүгін Түркістан облысы Түлкібас ауданында 1937-1938 жылдары «Халық жауы» деген орынсыз тағылған айыптан, қуғын — сүргінге ұшырап, құрбан болған азаматтарды еске алуға арналған іс шара болып өтті. Елбасының 1997 жылғы 31 мамырдағы Жарлығымен бекітілген «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні» аталып келе жатқанына міне бүгін 22 жыл толып отыр. Біздің барша халқымыз үшін бұл күн ерекше тарихи мәнге ие.

Қазіргі таңда облысымызда саяси қуғын – сүргінге ұшыраған 7 мың адамның есімі белгілі болса, оның 380-і Түлкібастықтар. 1993 жылдың 14 сәуірінде Қазақстан Республикасының «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы заңы аясында жазықсыздан-жазықсыз мерт болған жандардың барлығы толығымен ақталды.

Ел тәуелсіздігі біздің халыққа оңайлықпен келген жоқ. Халқымызда «Ұмытшақтық ұлтқа сор» деген дана сөз бар. Сондықтан халық өткен ғасырдың өшпес тарихына айналған сәттерді әрдайым жадында сақтауы қажет. Осы мақсатта сол саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың ұрпақтары бүгінгі жиынға қатысып, солақай саясаттың құрбандарын бірге еске алып, гүл шоқтарын қойды.

Жиында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Асхат Базарбайұлы Жабағы: «Бүгінгі күн біз үшін жазықсыз жала жабылып, құрбан болған жерлестеріміздің есімдерін еске алатын азалы күн.

Саяси қуғын — сүргінге ұшыраған азаматтардың есімдері біздің есімізде мәңгілік сақталады, ешқашан ұмытылмайды» -дей келе мұндай қасіретті заманның ешқашан қайталанбауын, еліміздің тыныштығын тіледі.