Ордабасы ауданының әкімі Әліпбек Шәріпбекұлы мен Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов Түркістан қаласын абаттандыру, көгалдандыру мақсатында бекітілген 13 сектордың тұрғындарымен кездесті.


Ордабасы ауданына бекітілген 13 сектор аумағына 50 көше бар. Орташа жөндеуді қажет ететін жол көлемі 73,7 шақырымды құрайды. Аумаққа 13 730 ағаш отырғызу көзделуде. 97 шақырымға жарықшам тарту, аяқжол салу жоспарланған.
Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов 4 жылда барлық инфражүйенің мәселесі шешілетінін, қазіргі таңда құжаттарының рәсімделіп жатқанын айтып өтті.
Әліпбек Шәріпбекұлы тұрғындарды бірлікке шақырып, атқарылған тірлікке ұйытқы болуға үндеді. Жалғыз ағаш орман болмайтынын ескеру керектігін де тілге тиек етті.
Тұрғындар қала әкімінен көкейдегі сұрақтарына жауап алып, Ордабасы ауданының әкіміне алғысын жеткізді.
Әліпбек Шәріпбекұлы штабқа жауапты орынбасары мен бекітілген тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.